БІЛІКТІ МАМАНДАРДЫҢ ЕҢБЕГІ ЕРЕКШЕ АТАП ӨТІЛДІ

Бүгін Сауран ауданының орталығында медицина саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай іс-шара ұйымдастырылды. Бұл туралы «AMANAT» партиясының Сауран аудандық филиалы хабарлады.

Салтанатты іс-шараға Сауран ауданы әкімінің орынбасары Бөкебаев Бақытжан, аудандық мәслихат депутаты, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Оразбеков Серікбай, аудандық емхана басшысы Стамқұлов Бахыт, әр ауылдық округтердегі медицина саласының қызметкерлері қатысты. Шараға арнайы қатысқан «AMANAT» партиясының Сауран аудандық филиалының төрағасы Сағынбек Жақсыбекұлы медицина саласының белсенді мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтап, алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етті. Ол медицина саласындағы адал еңбек пен қызметтің қоғам үшін маңыздылығын ерекше атап өтті.

«Медицина қызметкерлері күніне» орай ұйымдастырылған мерекелік іс-шара Сауран ауданының медицина саласында аянбай еңбек етіп жүрген ақ халатты абзал жандарға арналған құрметке толы кешке айналды. Салтанатты шара барысында медицина саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, адам өміріне араша түсіп жүрген білікті мамандардың еңбегі ерекше атап өтілді.

Іс-шараның мақсаты – халық денсаулығын сақтау жолында тынымсыз еңбек етіп жүрген медицина қызметкерлеріне ризашылық білдіру және оларға моральдық қолдау көрсету болды. Кеш жылы шырайлы тілектер мен көтеріңкі көңіл күймен қорытындыланды.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды