Бүгін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінің ұйымдастыруымен Түркістан облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ербұлан Әуелбекұлы азаматтардың арыз-өтініштері бойынша онлайн және офлайн форматта жеке қоғамдық қабылдау өткізді. Бұл туралы «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы хабарлады.
Қабылдауды «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Мұратұлы жүргізіп отырды.
Қоғамдық қабылдау барысында өңір тұрғындары мал тоғыту орындарын жөндеу, қаңғыбас иттерді аулау, “Беккери шұңқыры” қажеттігін және тағы да басқа аталмыш салаға қатысты көптеген мәселелерді көтерді.
Облыстық басқарма басшысы өңір тұрғындарының ұсыныс-тілектерін тыңдап, қойылған сұрақтарға жан-жақты әрі нақты жауап берді. Өтініш иелерінің көтерген сұрақтарының біршамасы сол мезетте шешімін тапса, қаралуы белгілі бір мерзімді күтетін сауалдар партияның бақылауына алынып, нақты мерзімде шешу жолдары қарастырылатындығы түсіндірілді.

