«Балаңа уақыт арна» – Әке жүрегі – балаға пана, сөзі – тәрбие мектебі. Әке болу – тек асыраушы ғана емес, ең алдымен рухани тірек, ақылшы, ұстаз болу. Осы ұлы жауапкершілікті жүрекпен сезініп, жан жылуын отбасына арнап жүрген жандардың бірі – Созақ ауылдық мәдениет үйінің директоры, «AMANAT» партиясы Созақ аудандық филиалы, Науаиы бастауыш партия ұйымының төрағасы Алтыбаев Талғат Жұмаділдаұлы. Бұл туралы «AMANAT» партиясының Созақ аудандық филиалы хабарлады.
Талғат Жұмаділдаұлы өз үйінде – қарапайым қазақи шаңырақтың тірегі ретінде балаларына бос уақытын арнап, олармен бірге ұлттық өнерді, әдеп-инабатты, тектілік пен рухани құндылықтарды дәріптеп келеді.
Балаларына домбыра шертіп отырған қарап отырып, әке мен баланың арасындағы көркем үндестік пен рухани сабақтастықты байқаймыз. Ол тек күй үйретіп отырған жоқ – текті ұлттың үнін, дәстүр мен тарихты, туған жердің тылсымын жеткізіп отыр.
«Балаға байлық қалдырғанша, өнеге қалдыр. Бос уақытың – балаңа мәңгілік естелік» – дейді Талғат аға. Әкенің жанында отырып сыр шерткен бала ертең сыр бөлісетін әке болады. Міне, осындай тыныш, бірақ мағыналы сәттерде ұлттың ұлы тәрбиесі қалыптасады.
Домбыраның күмбірі, әкенің парасатты әңгімесі – баланың жүрегінде өшпес із қалдырады.