Бүгін біз Кентау қаласының білім беру саласында еселі еңбек етіп келе жатқан ұстаз, шынайы еңбек адамы – Анарбаева Шахназа Мансуровна жайында сөз қозғағымыз келеді. Ол 1999-2004 жылдары М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде білім алып, 2004 жылдан бастап Ақын-тұма 11 жалпы білім беретін мектебінде мұғалім болып қызмет етуде. 21 жылдық педагогикалық тәжірибесі бар ұстаз қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің нағыз жанашыры. Бұл туралы Түркістан облысының кәсіподақтар орталығы хабарлады.
Шахназа Мансуровна – өз ісіне адал, оқушыларына білім мен тәрбие беруде тынымсыз еңбек етіп жүрген шебер педагог. Жетекшілігімен білім алған шәкірттері әрдайым биік белестерден көрініп келеді. Бұл – ұстаздың кәсіби шеберлігінің, қажырлы еңбегінің нәтижесі.
Сондай жарқын мысалдардың бірі – 11-сынып оқушысы Мухитдинова Жасмина Мамуржанқызы. Ол жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың республикалық кезеңіне ұлттық мектептер арасынан қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша қатысып, жүлделі II орынды иеленді. Бұл – үлкен жетістік, әрі ұстаздың білім беру жүйесіне қосқан зор үлесі.
Осы жетістіктер арқылы Шахназа Мансуровна тек өз мектебінің ғана емес, жалпы Кентау қаласы білім саласының мерейін өсіріп отыр. Ұлағатты ұстаздың әрбір еңбегі – шәкірт жүрегіне сәуле себетін, болашаққа бағдар беретін шамшырақ тәрізді.
Кентау қалалық кәсіподақ комитеті атынан Анарбаева Шахназа Мансуровнаға қажырлы еңбегі мен шәкірт тәрбиесіндегі табыстары үшін шын жүректен алғыс білдіреміз! Сіздей өз ісіне адал, білім мен тәрбие жолында аянбай еңбек етіп жүрген ұстаздар – ел ертеңінің жарқын кепілі, ұрпақ болашағының бағдаршамы. Еңбегіңіздің жемісі мол, шәкірттеріңіздің жетістігі биік болғай!