Қарапайым еңбекпен биікке көтерілген жандар аз емес. Солардың бірі – Төлеби ауданына қарасты Қасқасу ауылында 1975 жылы дүниеге келген Дінмұханбет Мырзаев. Бала жасынан еңбекке ерте араласқан ол, өмірдің мәнін маңдай термен табатын шынайы еңбекпен ұғына білді. Бұл туралы Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы хабарлады.
Орта мектепті аяқтаған соң еңбек жолын туған ауылындағы «Абай» колхозында қарапайым жұмысшы болып бастаған. Қай істе де ұқыптылық пен жауапкершілік танытқан жас жігіт көп ұзамай бригадирлікке дейін көтеріледі. Осындай еңбекпен шыңдалған ол әр істің қадірін ерте түсініп, алдағы өмір жолына сенімді қадам басты.
Білімге деген құштарлық оны Шымкенттегі Экономика және құқық колледжіне алып келді. Есепші-экономист мамандығын меңгеріп шыққан соң, сауда-саттық саласында тәжірибе жинады. Кейінірек Төлеби аудандық әкімдігінің спорт бөліміне есепшінің көмекшісі болып орналасып, одан әрі ішкі саясат бөлімінде, аудандық мәслихатта, қалалық емханада қызмет атқарды. Бұл жылдар оның ұйымдастырушылық қабілеті мен жауапкершілік сезімін шыңдаған маңызды кезеңдер болды.
2021 жыл — Дінмұханбет Мырзаевтың өмірінде жаңа белес басталған кезең. Сол жылы Ленгір қаласында тазалықпен айналысатын жаңа мемлекеттік мекеме құрылып, оның бастапқы ұйымдастыру жұмыстары мен жетекшілігі Дінмұханбет Мырзаевқа жүктелді. Жаңа мекеме қысқа мерзім ішінде құрылып, алғашқыда небәрі 10 жұмысшы – 8 әйел мен 2 ер адам, әрі бар болғаны бір ғана трактормен жұмысын бастады. Қала тазалығын қолмен атқарып, күн-түн демей еңбек еткен сол бір кезең – нағыз ерліктің, табандылық пен төзімділіктің жарқын үлгісі еді.
Мекеменің алғашқы қалыптасу кезеңінде Дінмұханбет Мырзаев ұжымды ұйыстырып, жұмыс процесін жүйелі түрде ұйымдастыра білді. Қазіргі таңда бұл мекеме – «Ленгір тазалық» деп аталады. Қызметкерлер саны 50-ге жуықтап, қажетті техникамен толық қамтамасыз етілген. Қаланың әр көшесінен, әр бұрышынан осы ұжымның тындырымды еңбегінің ізі анық байқалады. Қыста – қалың қармен, жазда – шаң-тозаңмен, көктем-күзде – лай мен қоқыспен арпалысатын тазалықшылар – қаланың көркін сақтаушылар. Олар – қаланың тыныс-тіршілігіне көрік беріп, өмір сапасын арттырып жүрген бейбіт күннің батырлары.
Бүгінде Дінмұханбет Мырзаев – мекемеде бригадир. Ол тек тапсырма беріп қана қоймай, жұмыстың басы-қасында өзі жүреді. Қарапайым жұмысшының жағдайын түсініп, әріптестеріне жанашыр бола біледі. Оның бойындағы қарапайымдылық, жауапкершілік пен еңбекке деген шынайы көзқарас – бүкіл ұжымға үлгі.
Қаланың тазалығын сақтау – бір ғана мекеменің емес, бірлесіп жұмылған ұжымның тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Ал осы ұжымды жұмылдырып, бағыт-бағдар беріп жүрген Дінмұханбет Мырзаев секілді азаматтардың өмір жолы – жастарға үлгі боларлық.

