Сыбайлас жемқорлық – кез келген мемлекеттің тұрақты дамуына кедергі келтіретін ең қауіпті құбылыстардың бірі. Ол мемлекеттік басқарудың тиімділігін әлсіретеді, халықтың билікке деген сенімін азайтады, экономикаға, әлеуметтік әділеттілікке және қоғамның рухани ахуалына орасан зиян тигізеді. Қазақстан үшін де бұл мәселе өзекті. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру – тек мемлекеттік органдардың емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
Сыбайлас жемқорлық тек пара алумен немесе берумен шектелмейді. Ол – жүйелі сипаттағы әлеуметтік дерт.
Экономикалық зардаптары: мемлекеттік бюджеттен қаражаттың тиімсіз жұмсалуы, инвестициялық климаттың нашарлауы, көлеңкелі экономиканың кеңеюі.
Әлеуметтік зардаптары: әділетсіздік сезімін тудырады, халықтың заңға бағыну мәдениетін әлсіретеді, азаматтардың билікке деген сенімін жояды.
Рухани зардаптары: жастар арасында «пара бермей іс бітпейді» деген теріс көзқарас қалыптасады, ол қоғамдағы адал еңбекке деген құрметті төмендетеді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана – адамның жемқорлықты теріс құбылыс ретінде қабылдауы және оған қарсы тұруға дайын болуы. Мұндай сана қалыптасқанда азамат заңға бағынуды өзінің басты құндылығы ретінде қабылдайды. Пара берудің де, алудың да қауіпті екенін түсінеді. Қоғамда әділеттілікке, ашықтыққа ұмтылыс күшейеді.
Бұл сананы дамыту үшін тек қана жазалау шаралары жеткіліксіз, ең алдымен халықтың дүниетанымын өзгерту қажет.
СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ САНАНЫ ДАМЫТУ ЖОЛДАРЫ
Білім беру жүйесі арқылы. Мектептен бастап сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет негіздері оқытылуы тиіс. Жоғары оқу орындарында «Академиялық адалдық кодекстерін» сақтау, студенттерді әділ емтихан тапсыруға дағдыландыру маңызды.
Ақпараттық саясат ашық болуы тиіс. Жемқорлық фактілері туралы ашық айту, оларды жасырмай жариялау қажет. Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы адалдық пен әділеттілікті насихаттау маңызды.
Тәрбие отбасынан басталатынын назардан тыс қалдырмау абзал. Балаларды адал еңбекке, шынайылыққа баулу, «Жеңіл жолмен табысқа жету» деген түсініктің қауіптілігін ерте жастан түсіндіру керек.
Құқықтық тетіктер арқылы күрес түрлері де өз жемісін берері хақ. Электронды қызметтерді дамыту арқылы адам мен мемлекеттік қызметкер арасындағы тікелей байланысты азайту. Қоғамдық бақылау мен азаматтық бастамаларды күшейту.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы дамытуда жастардың рөлі орасан. Жастар арасында еріктілер қозғалысын, адалдық лигаларын құру, жас ұрпақтың сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілігін арттыруға арналған арнайы жобаларды жүзеге асыру тоқтамауы тиіс.
Соңғы жылдары елімізде жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жаңа тәсілдері енгізілуде:
- «Адалдық алаңы» жобалары – азаматтарға қолжетімді, ашық қызмет көрсетуді мақсат етеді.
- Электрондық үкімет, «eGov mobile» сияқты платформалар мемлекеттік қызмет көрсетуді жеңілдетіп, пара алуға мүмкіндік бермейді.
- «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс» институттары мемлекеттік органдар мен компанияларда енгізілуде.
Бұл тәжірибелер қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы ой қалыптастыруға ықпал етіп келеді.
Жемқорлықпен тек мемлекет күресіп қана қоймайды, оған қарсы қоғамның да көзқарасы шешуші мәнге ие. Егер азаматтардың өзі пара беруден бас тартса, әділдікті талап етсе, онда жемқорлықтың орын алуы қиындайды. Сондықтан әр адам:
- заңға қайшы ұсыныстарды қабылдамауы;
- құқық қорғау органдарына хабарлауы;
- әділдікті сақтауда үлгі болуы тиіс.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы дамыту – ұзақ мерзімді процесс. Ол әрбір азаматтың бойынан басталып, қоғамға, мемлекетке тарайды. Егер біз адалдықты, әділеттілікті басты құндылық ретінде қалыптастыра алсақ, Қазақстанның болашағы жарқын әрі тұрақты болады. Сыбайлас жемқорлықсыз қоғам – әділ, сенімді және өркендеген мемлекет кепілі.

