Берекелі Қазақ елі!
Құрметті Түркістан облысының тұрғындары!
Баршаңызды Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Жаңа жыл – өткенді саралап, жаңа мақсаттарды жоспарлайтын ерекше мереке. Туған-туыстар мен отбасыны, балаларды қуантып, жылы тілектер айтып, сыйластықты бекемдей түсетін сәт.
2024 жыл Қазақстан мемлекеті мен Түркістан өңірі үшін аса маңызды кезең болды. Елімізде саяси реформалар жалғасып, нақты өзгерістерге қол жеткіздік. Биыл Түркістан облысының құрылғанына 6 жыл толды. Осы кезеңде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң өзгерістер болғаны баршаңызға мәлім. Түркістан Түркі әлемінің 2024 жылғы туристік астанасы ретінде дами түсті. Жуырда ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен Түркістанға ерекше мәртебе беру туралы арнайы Заң жобасы әзірленіп, Парламенттің бірінші оқылымында қабылданды. Бұл Заң тарихи шаһарды дамытуға серпін береді.
Біз ынтымақ пен бірліктің, қажырлы еңбектің арқасында облысымызды дамыту жолында ауқымды жұмыстар атқардық.
Біріншіден, өңірімізде елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту, өндіріс орындарын ашу, инвестиция тартуға басымдық беріп отырмыз. Осы жұмыстардың арқасында 11 айда облыстың жалпы өңірлік өнім көлемі алдын ала есеп бойынша 4,3 трлн. теңгеге жетті.
Екіншіден, біз өңдеу өнеркәсібі мен отандық өндірісті дамытуға нақты қадам бастық. Облыстың индустриалды әлеуетін көтеру үшін «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасын жүзеге асырудамыз.
Үшіншіден, инвестиция тарту бағытында нақты жұмыстар атқарылды. Шет мемлекеттерге жасалған іссапарлар жемісін бере бастады. Аймақта шетел капиталының қатысуымен инвестициялық жобалар қолға алынып, кәсіпорындарды ашу жұмыстары басталды.
Төртіншіден, Түркістан облысы тұрғындарының 80 пайыздан астамы ауылдарда тұрады. Сондықтан біз ауыл шаруашылығын дамытуға да басымдық беріп отырмыз. Бұл бағыт бойынша республикада бірінші орындамыз.
Ардақты ағайын!
Шуақты, қуанышты сәттер көп болып, халқымыздың еңсесі биіктеп, абыройы асқақтай түссін. Жаңа жылда әр шаңыраққа шаттық, береке еніп, бастамаларымыз баянды болғай! Барша Қазақ еліне, Түркістан халқына амандық, зор денсаулық, баянды бақыт тілеймін! 2025 жыл жақсылықтар мен игіліктердің бастауы болсын!
Дархан САТЫБАЛДЫ,
Түркістан облысының әкімі.