Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қала аумағындағы бірқатар өндірістік кәсіпорындарды аралап, жұмыс барысымен танысты. Іссапар барысында шаһар басшысы «Ақ Жол Фудс» ЖШС-нің өндірістік әлеуетін көріп, өндіріс процесі мен инфрақұрылыммен қамтылу барысын бақылады. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Бүгінде кәсіпорын жылына 1000 тоннадан астам нан өнімдерін өндірумен қатар, ет өнімдерін атап айтқанда, шұжық және жартылай ысталған ет өнімдерін дайындаумен айналысады. Түркістан қаласында орналасқан бұл өндіріс орны бүгінде 80 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Өндірістік нысандарды аралау барысында қала әкімі кәсіп иелерімен пікір алмасып, ұсыныс-тілектерін тыңдады. Сонымен қатар, жергілікті өнімдердің сапасын арттыру мен өндіріс ауқымын кеңейтуге бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.