Парламент Мәжілісінің депутаттары Қайрат Балабиев пен Нұрсұлтан Байтілесовтің Түркістан облысындағы іс сапары Отырар ауданында жалғасты. Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай, «AMANAT» партиясы Отырар аудандық филиалының, аудандық мәслихаттың төрағасы Уәлихан Ұзақов қонақтарды ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағыттарымен, тыныс-тіршілігімен таныстырды. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Депутаттар Отырар ауданында орналасқан көпфункционалды «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» аясында іске қосылған еліміздегі ең ірі әрі заманауи мақта өңдеу зауытының жұмысымен танысты. Сонымен қатар, жылына 800 миллион метр суару лентасын өндіретін, 50 мың гектар егіс алқабын заманауи тамшылатып суару жүйесімен қамтамасыз етуге қауқарлы өндіріс орнының қызметі көрсетілді.
Аталған кешен Отырар ауданы Қарақоңыр ауылдық округіне қарасты Сырдария елді мекенінде орналасқан. «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС ауыл шаруашылығы саласына жаңа технологияларды енгізу арқылы өңірдің экономикалық дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан ірі өндірістік құрылым болып табылады. Серіктестік шетелдік инвесторларды тарта отырып, биыл 32 мың гектар жерге тамшылатып суару әдісімен мақта дақылын егіп, су үнемдеуге бағытталған инновациялық технология нәтижесінде әр гектардан орта есеппен 50–60 центнер өнім алған.
Компания қызметінің екінші маңызды бағыты ауыл шаруашылығында су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында тамшылатып суару жүйелеріне арналған арнайы қондырғылар өндіретін кәсіпорынның іске қосылуы. Аталған жобаға 1,2 млрд теңге инвестиция тартылып, нәтижесінде 60 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Өндіріс орнымен танысу барысында Мәжіліс депутаттары мақта өндірісі кешенінің жұмысшыларымен кездесіп, олардың еңбек жағдайымен танысты. Кездесу барысында жұмысшылардың еңбек шарттарының сақталуы, қауіпсіздік талаптарының орындалуы және әлеуметтік кепілдіктердің қамтамасыз етілуі жөнінде жан-жақты ақпарат алып, өндіріс қызметкерлерінің ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Бұл өндіріс орны су үнемдеуге бағытталған стратегиялық маңызы бар жоба. Тамшылатып суару жүйелерін жергілікті жерде өндіру ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін қолжетімділікті арттырып, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізуге мүмкіндік беруде. Сонымен қатар, жобаның жүзеге асуы өңір экономикасының әртараптануына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына оң ықпал етуде.
Аралау барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары мақта өндірісі кешені мен су үнемдеу технологияларын дамыту бағытындағы жұмыстардың өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттырудағы маңызы зор екенін атап өтіп, жүргізіліп жатқан жоспарлы жұмыстардың қарқынына оң бағасын берді.

