Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев IV Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде «Туризм аймақтардың дамуына серпін беретін сала болуға тиіс. Туризм – бизнес пен экономиканың тұтас саласы. Мамандарды даярлау қажет» дей келе, жергілікті жердегі республикалық және халықаралық іс-шаралар өңірлердің туристік әлеуетін арттыруға ықпал ететініне тоқталған-ды. Сондай-ақ әрбір оқиға бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көрсетіліп, ел ішінде және шетелдерде жұрт назарына ілігуі адамдардың аймақтарға қызығушылығын арттырып, туризмді дамытуға мүмкіндік беретінін айтқан еді. Осы мақсатта Қытай Халық Республикасының Шанхай қаласындағы ғасырға жуық тарихы бар Broadway Mansions қонақ үйінде Visit Turkistan туристік ақпараттық кеңсесі ашылды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Кеңсенің негізгі мақсаты – әлемнің түкпір-түкпірінен келетін саяхатшыларға Түркістан облысының туристік әлеуетін таныстыру және өңірге туристерді тарту.
Қазақстан туризмін халықаралық деңгейде насихаттайтын бұл кеңсенің ашылуына Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов қатысып, ізгі ниетін жеткізді.
– Екі ел арасындағы байланыс бірнеше ғасырға жалғасып келеді. Ұлы Жібек жолы бойындағы бұл тарихи сабақтастық әлем үшін де маңызды. Біз Қытаймен арадағы осы байланысты іскерлік бағытта жаңғыртып, Түркістан облысының туризмін жаңа деңгейге шығарғымыз келеді. Кеңсеміздің ашылуына үлес қосқан SkyWay туроператоры мен Шанхай туристік қауымдастығына алғысымыз шексіз, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Шара аясында Түркістан облысының туризм басқармасы мен China Corporate United Pavilion Group (CCUP) және SkyWay туристік операторы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Қытайлық туристік операторлардың қызығушылығы Түркістанға жаңа туристік ағым қалыптастырады деген сенім бар. Бұл келісім өңірдің халықаралық имиджін көтеріп, туризм саласына инвестиция тартуға және мәдени байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.
Қос тараптың қолдауымен Шанхайда ашылған кеңсе тұрақты әрі жүйелі жұмыс істейді.