Түркістан облысында туризм саласына да басымдық берілуде. Салаға инвестор тарту, өңірдегі тарихи және киелі орындарды жүйелеу, туристік соқпақтарды көбейту бағытында жұмыстар атқарылып жатыр. Осы ретте Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Бәйдібек қаған» қоғамдық қорының өкілдерімен кездесті. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесу барысында Бәйдібек ауданының туризм саласына инвестиция тарту, киелі орындар мен кесенелер маңын абаттандыру мәселесі қаралды. Сонымен бірге ауданда туристер мен зияратшылар үшін қонақүй салу, туристік инфрақұрылымды жақсарту бойынша ұсыныстар айтылды. Жауаптыларға тиісті тапсырмалар беріліп, ұсыныстар бақылауға алынды.
Айта кетейік, Түркістан облысында туризм саласында 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша оң көрсеткіштерге қол жеткізілді. Орналастыру орындарының, демалыс аймақтарының, сауықтыру кешендерінің саны артып, туристер легі көбейген. Биылғы жартыжылдықта орналастыру орындарында 151 мың турист демалды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7 пайызға жоғары. Сондай-ақ 2025 жылдың 8 ай қорытындысымен өңірдегі табиғи аумақтарға 123,2 мың адам келген, бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 29,5 пайызға жоғары. Бұдан бөлек, тарихи орындарға 736,3 мың адам саяхаттап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 7 пайызға артып отыр. Аталған бағытта негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі биыл 36,9 млрд. теңгеге жетіп, бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 36,4%-ға артқан.