Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен өңірдегі шетелдік инвесторлардың өкілдерімен кездесу өтіп, Қазақстан Республикасының заң талаптары түсіндірілді. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесуге облыстық полиция департаменті Көші-қон қызметінің басқарма басшысы Аида Смағұл, облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Күміскүл Мирова, «Тұран» арнайы экономикалық аймақтың басқарма төрағасының міндетін атқарушы Жасұлан Төлебеков қатысты.
Кездесу барысында Қазақстанда жұмыс істеу заңдылығы мен шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат рәсімдеу тәртібі, қолданыстағы заң талаптары, құқық бұзушылықтардың алдын алу және инвестициялық жобалардың заңды жүзеге асырылуын қамтамасыз ету кеңінен түсіндірілді.
Бүгінгі таңда Түркістан облысында шетелдік инвесторлардың қатысуымен жалпы құны 165,5 млн. АҚШ долларын құрайтын 7 инвестициялық жоба іске қосылып, жұмысын атқаруда. Олар мақта-мата өндірісін, ірі қара мал сүйегінен май және желатин компоненттерін өндіру ісін, көкөністерді кептіру мен қайта өңдеуді, бейнебақылау камераларын, еден жабындыларын шығаруды жүзеге асырып, сондай-ақ қуаттылығы 300 МВт құрайтын күн электростанциясын іске қосты.
Нұрбол Тұрашбеков өз кезегінде жұмыс барысында Заң талаптарының қатаң сақталуын қамтамасыз ету қажеттігін ескертті.
– Іскерлік байланыстарды нығайту — өнеркәсіптің тұрақты дамуының негізі. Ал, сенімді серіктестік – қазіргі таңда ең маңызды ресурс. Сіздер мен біздердің арамызда жауабы жоқ сұрақ болмауы тиіс, — деді.
Жауаптылар Еңбек заңнамасының негізгі бағыттарына тоқталып, жұмыс күшін тіркеу, рұқсат рәсімдеу ережелерін баяндап берді. Компания өкілдері тіркелім мерзіміне, салық заңдылығына, еңбек қатынастарына қатысты сұрақтарын ортаға салып, мамандардан жауап алды.

