«Ауыл аманаты» жобасын Түркістан облысында іске асыруға 2023–2025 жылдары республикалық бюджеттен барлығы 30,2 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде: 2023 жылы – 19,8 млрд. теңге; 2024 жылы – 3,0 миллиард теңге бөлініп, игерілді. 2025 жылға – 7,4 миллиард теңге қарастырылған. Аталған қаражат есебінен 6 бағыт бойынша 3 790 жоба қаржыландырылып, жалпы 25,6 миллиард теңге несие берілді. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Бағдарламаның жүзеге асуы өңірімізде айқын әрі нақты нәтижелер көрсетті. Оның ішінде ауылдық жердегі шағын кәсіпкерлік 3 662 бірлікке артты, 23,2 гектарға 477 бірлік жылыжай кешені салынды. Мал басы 72 982 бірлікке ұлғайды, 39 қайта өңдеу кәсіпорны іске қосылды, 4 174 жаңа жұмыс орны ашылды. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 441 адамға қысқарды. Жалпы, осы бағдарлама аясындағы жобалар есебінен жыл сайын шамамен 30 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп отыр.
Бағдарлама аясында қалыптасқан қайтарым қаражат көлемі – 4,8 миллиард теңге болса, оның 4,6 миллиард теңгесі қайта игерілді. Бұл қаражат есебінен 579 жаңа жоба қаржыландырылып, 600 жаңа жұмыс орны ашылды.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында жеке қосалқы шаруашылықтарды біріктіріп, кооперативтер құруға ерекше назар аударылып отыр. Үш жыл ішінде 128 кооперативке 2,8 млрд. теңге несие берілді. Нәтижесінде, өңірімізде толық өндірістік циклды қамтып, өнім өндіруден бастап оны өңдеп, нарыққа өткізуге дейін тиімді жұмыс істеп жатқан табысты кооперативтер қалыптасты.
Осы санаттағы кәсіпорындардың қатарында «Майтөбе сүт» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін атап өтуге болады. Елу мүшеден тұратын кооператив 184,9 млн. теңгеге қолдау алып, сүт жинау бекетін және қайта өңдеу желісін іске қосты. Бүгінде осы кәсіпорын шығаратын табиғи таза өнімдер балабақшаларға, оңалту орталықтарына және әлеуметтік дүкендерге жеткізіледі.
Бағдарламаның игілігін көрген «Аят-Агро.Ком» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі 29,5 млн теңгеге жеміс-көкөніс өңдеу цехын кеңейтті. Консерва өнімдерін Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан нарықтарына экспорттап отыр.
Ордабасы ауданы, Шұбарсу ауылында «Ауыл аманаты» жобасымен 27 жылыжай кешені іске қосылып, 226 млн. теңгеге қаржыландырылды. Мұнда жылына 580 тонна өнім өндіріледі. Оның 435 тоннасы немесе алынған өнімнің 75 пайызы ішкі нарықты қамтамасыз етіп отырса, 145 тоннасы немесе өнімнің 25 пайызы қайта өңдеуге жөнелтіледі.
«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы жоба іске асқалы бері ауыл-ауылды аралап, халықпен кездесіп, әр ұсыныс пен мәселені назарға алып, нақты қолдау көрсетіп келеді. Нәтижесінде көптеген ауылда жаңа бизнес ашылып, табысы артқан отбасылар көбейді. Бұл – партия мен атқарушы биліктің және ауыл тұрғындарының ортақ еңбегінің жемісі.

