САЙРАМДА ҚАҒАЗ ҚАЛДЫҚТАРЫН ҚАЙТА ӨҢДЕУ ЦЕХЫ САЛЫНУДА

Сайрам ауданында өндірістік әлеуетті арттыруға бағытталған жаңа жобалар жүзеге асып келеді. Соның бір айғағы – жеке кәсіпкерлердің өз қаражаты есебінен салынып жатқан шағын өндірістік парк. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Қазіргі таңда парк аумағында бірнеше бағыттағы цехтардың құрылысы жүріп жатыр. Аудан әкімі Мадияр Оразалиев нысандардың құрылыс барысымен арнайы танысып, жауаптыларға жұмыс сапасын қатаң сақтап нысанды уақытылы тапсыруды жүктеді.

Өндірістік парк аумағында қағаз қалдықтарын қайта өңдеу цехы салынуда. Жобаның инвестициялық құны — 250 млн теңге. Өндірістік қуаттылығы — тәулігіне 20 тонна. Кәсіпорын іске қосылған кезде 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Сондай-ақ, аталған паркте сүт өнімдерін қайта өңдеу цехының құрылысы жүріп жатыр. Жобаның инвестициялық көлемі —  350 млн теңге. Цех тәулігіне 15 тоннаға дейін өнім өндіруге қауқарлы. Іске қосылған соң 30 жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Бұдан бөлек, күн панелі арқылы электр қуатын өндіру жобасы жүзеге асырылуда. Нысанның қуаттылығы 200 кВт, инвестиция көлемі 50 млн теңге. Жоба іске қосылғаннан кейін 2 адам жұмыспен қамтылады. Аталған құрылыс нысандарын жыл соңына дейін аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды