ПАРТИЯ АУЫЛ ЭКОНОМИКАСЫН ӨРКЕНДЕТУГЕ ТІКЕЛЕЙ ҮЛЕСІН ҚОСЫП КЕЛЕДІ

Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы саласы әрдайым мемлекет назарында екенін айтты. Халқымыздың 37 пайызы, немесе 7,5 миллион адам ауылда тұратынына баса мән берген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ауыл – халқымыздың тамыры, рухани қазығы деп байыптады. Мемлекет басшысының қоғамдық тірегі саналатын «AMANAT» партиясы ауыл шаруашылығы саласын қолдауды, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын күшейтуді және еңбек адамын дәріптеуді өзінің басым міндеттерінің бірі деп санайды. Бүгін Түркістан қаласындағы «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлының қатысуымен өткен «AGROFEST TÚRKISTAN – 2025» ауқымды мерекелік шарасын осы бағыттағы жүйелі жұмыстың жарқын көрінісі деп атауға болады. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Ауыл тұрғындары еңбегінің маңызын айшықтап, өңірдің аграрлық әлеуетін кеңінен көрсеткен жиынға Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы партиялық фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, облыстық құқық қорғау органдарының басшылары, облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, аудан, қала әкімдері, зиялы және шығармашылық қауым өкілдері, ауыл шаруашылығы саласының үздіктері, облыс тұрғындары қатысты.

Мерекелік шара аясында табиғи ауыл шаруашылығы өнімдері ұсынылған жәрмеңке ұйымдастырылып, өңір фермерлерінің еңбегі халыққа жеткізілді. Сонымен бірге қайта өңдеу кәсіпорындарының көрмесі өтіп, облыстың агроөнеркәсіп кешеніндегі жаңа технологиялар мен өндірістік мүмкіндіктер таныстырылды.

Ерекше назар аудартқан экспозиция – «Ауыл аманаты» жобасы аясындағы табысты бастамалар болды. Көрме сөрелеріне сүт өнімдері, жұмыртқа, шұжық пен балық өнімдері, балара шаруашылығының өнімдері, өсімдік майлары, қызанақ және алма шырындары қойылып, өңдеу саласының қарқыны мен ауыл кәсіпкерлерінің еңбек нәтижесі кеңінен көрсетілді.

«AMANAT» партиясы үшін бұл жоба – ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту мен тұрғындардың табысын арттыруға бағытталған стратегиялық бастама. Партияның аумақтық филиалдары жобаның әрбір қатысушысын қолдап, ауыл экономикасын өркендетуге тікелей үлесін қосып келеді.

Салтанатты жиында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров сала мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтады.

– Бүгінгі дәстүрлі «AGROFEST TÚRKISTAN – 2025» салтанатты мерекесі еңбек адамдарына құрмет көрсетіп, оны дәріптеуге арналады. Күні кеше өткен ауыл әкімдерінің форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ауылды дамыту мәселесіне кезекті рет тоқталды. Бұл ретте ауыл шаруашылығы саласының маңызы айрықша. Сіздердің ерен еңбектеріңіздің арқасында облысымыз ауыл шаруашылығы саласында жылды жоғарғы деңгейде қорытындылап отыр. Ауыл шаруашылығы бойынша республикадағы жалпы өнім көлемінің 13 %-ы біздің облысқа тиесілі. Осы жылдың 10 айында бұл салада 1,1 трлн. теңгеге өнім өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 183 млрд. теңгеге немесе 21 пайызға өскен. Ауыл шаруашылығы мен тамақ өндірісінің негізгі капиталына инвестиция тартуда көш басында келеміз. Мақтаның нарықтық бағасы экспортқа тәуелді және жыл сайын өзекті мәселе болып отырғандығына байланысты, біз мақта-тоқыма кластерін құру жобасының алғашқы кезеңін бастадық. Алдағы 5 жылдықта дайын өнім шығаратын отандық толық циклді кәсіпорындарды құру есебінен, мақта бағасына экспорттық тәуелділікті жоямыз. Бүгінгі таңда шаруаларымыз еліміздің өсіп-өркендеуіне және өңіріміздің әл-ауқатын көтеруге үлкен үлес қосуда. Облыстың аграрлық саласын жаңа бағытта дамытуға өздеріңізбен бірге қол жеткіземіз деп сенемін. Біз өңіріміздің экономикасын көтеру жолында бірлесіп, еңбек етуіміз қажет. Сіздерді бүгінгі мерекемен құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін! – деді Нұралхан Оралбайұлы.

Мерекелік жиында өңір басшысы ауыл шаруашылығы саласында аянбай еңбек етіп жүрген бір топ азаматқа ҚР Президентінің «Еңбек даңқы», «Құрмет» ордендерін, «Ерен еңбегі үшін» медалін, облыс әкімінің дипломын табыстады. Сонымен қатар бірқатар еңбек адамы ҚР Премьер-министрдің Алғыс хатымен, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен және «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Одан бөлек, облыстың аграрлық саласының дамуына белсенді үлес қосып келе жатқан озат жұмысшы мамандарға құрмет көрсетілді.

Іс-шара концерттік бағдарламаға ұласты. Онда Қазақстанның танымал эстрада жұлдыздары Нұрлан Әлімжанов, Әйгерім Қалаубаева, Маржан Арапбаева, Қуандық Рахым ән шырқап, жиналған қауымға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Атап өткеніміз жөн, Түркістан облысында биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 907 мың гектарға егіліп, өткен жылдан 34 мыңға гектарға ұлғайды. Сондай-ақ өңірде су үнемдеу технологиялары жаңадан 59 мың гектар алқапқа енгізіліп, жалпы көлемі 114 мың гектарды құрады. Одан бөлек, мақта дақылы жаңа әдіспен 52 мың гектар алқапқа егіліп, өнімділік екі есеге артты. Өңірде мақта-тоқыма кластерін құру жобасы қолға алынып, құны 201 млрд теңгені құрайтын 5 жоба іске асырылуда. Нәтижесінде мақта өнімділігін үш есеге дейін арттырып, 7 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделуде. Бүгінгі таңда жылыжайлардан 150 мың тоннадан астам көкөніс өнімі жиналды. Бұл бойынша Түркістан облысының республикадағы үлесі 76 пайызға жетіп отыр.

Мал шаруашылығының дамуы, ет экспорты бойынша Түркістан облысы республикада жетекші орында. Республикада экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің 80 пайызы, қой етінің 75 пайызы облыстың еншісінде. 2025 жылдың 10 айына 27,2 мың тонна ірі қара мал еті, 20 мың тонна қой еті экспортқа бағытталды. Ет кластерін дамыту бағытында құны 48,9 млрд теңгені құрайтын 7 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде жылына қосымша 35 мың тонна ет өндіріліп, ет экспортының көлемі 2 есеге ұлғаймақ.

Саланы әртараптандыру бағытында басымдық қайта өңдеу саласына берілді. Осы орайда, мақта, жүгері, ет кластерлік бағыттарын дамыту қолға алынды. Осы арқылы 2026 жылы жалпы өңірлік өнім көлемін қосымша 558 млрд. теңгеге ұлғайту көзделуде.

Облыстың ауыл шаруашылығы саласын дамыту жөніндегі міндеттер партиямыздың Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасына еніп, оның орындалуы тұрақты назарымызда болады.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды