Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов жұмыс жоспарына сәйкес облыстық басқарма басшыларының есептерін тыңдап, алдағы жоспарларды талқылады. Кездесу барысында мәслихат төрағасы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаевтың есебін қарап, атқарылған жұмыстардың қорытындыларын бағамдады. Бұл туралы Түркістан облыстық мәслихатының баспасөз қызметі хабарлады.
Басқарма тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды баяндаған Файзулла Мұстафинұлының сөзінше, Түркістан облысының агроөнеркәсіп кешені жалпы өңірлік өнімнің 20% құрайтын өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының драйвері болып табылады. Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы дақылдары 907 мың гектарға орналастырылып, өткен жылдан 34 мың гектарға артқан. Мәселен, егіс құрылымына сәйкес дәнді дақылдар көлемі 10 мың гектарға артып, 342 мың гектарға, майлы дақылдар 2 мың гектарға артып, 73 мың гектарға, мақта 38 мың гектарға артып, 145 мың гектарға орналастырылды.
Көкөніс, бақша алқаптары өткен жылғы деңгейде сақталып, 118 мың гектарды, мал азықтық дақылдар 230 мың гектарды құрады. Дала жұмыстарына жанар-жағар май босату, кредиттік ресурстар, минералды тыңайтқыштар, тұқым бөлу шаралары мерзімінде жүргізілді. Нәтижесінде, 695 мың тонна дәнді дақыл, 54 мың тонна майлы дақыл, 1,5 миллион тонна көкөніс пен картоп, 1,7 миллион тонна бақша өнімі, 5 миллион тонна мал азықтық дақыл және 428 мың тонна мақта жиналды.
Өсімдік шаруашылығының әлеуетін арттыру мақсатында озық технологияларды енгізу бойынша кешенді шаралар қабылдануда. Су үнемдеу технологиялары жаңадан 59 мың гектар алқапқа енгізіліп, жалпы көлемі 114 мың гектарды құрады. Тамшылатып суару технологиясының тиімділігі: Су шығыны 30–50%-ға дейін аз жұмсалады. Тыңайтқыштарды сумен беру арқылы өнімділік 20-30%-ға артады. Мақта дақылы жаңа әдіспен 52 мың гектар алқапта егіліп, өнімділік екі есеге артты (50-60 ц/га). Дәстүрлі егісте бір гектарға 5 мың м3 су пайдаланылса, жаңа технология арқылы ағын су 2 есе аз жұмсалды.
Сонымен қатар, күріш дақылы елімізде пилоттық негізде алғашқы рет тамшылатып суару технологиясымен егілді. Қарапайым әдіспен гектарына ағын су 34,0 мың м3 дейін пайдаланылса, технология есебінен ағын су 3,5 есе аз пайдаланылды (8-10 мың м3). Нәтижесінде өнімділік 1,3 есе артып 65 центнерден өнім жиналды (Лазер сорты). Cу үнемдеу технологиялары өндірісін дамыту, қол жетімділігін арттыру мақсатында қуаттылығы 73,0 мың гектар алқапты қамтитын 3 кәсіпорын іске қосылды. Бұдан бөлек, қуаттылығы 67 мың гектарды қамтитын 3 кәсіпорын іске асырылады. Алдағы уақытта осы кәсіпорындар есебінен су үнемдеу технологиясымен облыспен қатар, көршілес өңірлердің қажеттілігі қамтамасыз етілетін болады.
Мақта өніміне экспорттық тәуелділікті жою, дайын өнім секторына кешенді өту бақытында өңірде мақта-тоқыма кластерін құру жобасы басталды. Бұл бағытта, құны 201 млрд. теңгені құрайтын 5 жоба іске асырылады. Нәтижесінде, мақта өнімділігі 3 есеге дейін артады, 7 мыңнан астам жұмыс орны құру көзделуде. Бірінші кезеңде, «Turan» арнайы экономикалық аймағында «Түркістан мақта агроөнеркәсіп кешені» ЖШС-гі мақтаны терең өңдеу және дайын өнімді экспорттау бойынша көпсалалы нысанның құрылысы басталды. Жоба құны 146,8 млрд. теңге. Толық циклді мақта өңдеуден, тоқыма, иіру, мата өндіру, бояу, өңдеу бойынша 4 зауыт салынады. Болашақта отандық дайын тоқыма өнімдері брендтерде ішкі және сыртқа нарықтарға шығарылатын болады.
Облыста жылыжай шаруашылығы қарқынды дамуда. Жылыжайлардың жалпы көлемі 75 гектарға ұлғайып, бүгінде 1715 гектарды құрады. Түркістан облысының республикадағы үлесі 76 пайызға жетті. Бүгінгі күнге, жылыжайлардан 150 мың тоннадан астам көкөніс өнімі жиналды. Жылыжай шаруашылықтары соңғы жылдарда субтропикалық банан, лимон және табыстылығы жоғары құлпынай өнімдерін жылыжайларда өсіру технологиясын үйреніп, кеңінен қолдануға көшті. Биылғы жылы жылыжай шаруашылықтарынан 550 тонна банан, 3,2 мың тонна лимон, 13 мың тонна құлпынай өндірілді. Агроөнеркәсіп кешенінің алдына қойған міндеттерін орындау суармалы жерлерді тиімді пайдалануға тікелей байланысты.
Мал шаруашылығының дамуы бойынша облыс республикада жетекші орында. Республикадағы ірі қара малдың 14 % (1109,4 мың бас), ұсақ малдың 22 % (4825,6 мың бас), жылқының 11 % (486,9 мың бас), түйенің 14 % (43,4 мың бас) облыстың үлесінде. Мал шаруашылығының тұрақты дамуы өңірде ет экспортының әлеуетін арттыруға қарқынды серпін берді. Республикада экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің 80%, қой етінің 75% облыстың еншісінде. Ағымдағы жылдың 10 айына 27,2 мың тонна ірі қара мал еті, 20,0 мың тонна қой еті экспортқа бағытталды. Ет кластерін дамыту бағытында құны 48,9 млрд. теңгені құрайтын 7 инвестициялық жобалар жүзеге асырылуды. Нәтижесінде жылына қосымша 35 мың тонна ет өндіріліп, ет экспортының көлемі 2 есеге ұлғаятын болады. Отандық нарықты азық-түлік өнімдерімен толықтыруда ірі инвестициялық жобалардың маңыздылығы жоғары.
Бұл бағытта, облыстың агроөнеркәсіптік кешені саласында 2025 — 2027 жылдарға инвестициялық жобаларды іске асырудың Жол картасы бекітілді. Жол карта аясында жалпы құны 295,5 млрд. теңгеге 78 инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарланған.
Ағымдағы жылы құны 116,3 млрд. теңгеге 31 жоба жүзеге асыру көзделіп, бүгінгі күнге құны 60,8 млрд. теңгеге 27 жоба іске асырылып, 1030 жаңа жұмыс орындары құрылды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде агроөнеркәсіп кешенінде экономикалық өсім қамтамасыз етілді. Тиісті кезеңмен салыстырғанда, 10 айда: Ауыл шаруашылығы негізгі капиталына 155,6 млрд. теңге инвестиция тартылып 1,1 есе ұлғайды; Тамақ өндірісінің негізгі капиталына 31,5 млрд. теңге инвестиция тартылып 1,3 есе ұлғайды; Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 355,5 млн. АҚШ долларын құрап, 1,1 есеге артты. Жалпы өнім көлемі 182,5 млрд. теңгеге ұлғайып 1 трлн. 86,9 млрд. құрады, үлесі Республикада алғашқы орында.

