Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Парламенттегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Қайрат Балабиев, Ұласбек Сәдібеков, Темір Қырықбаев және Нұрсұлтан Байтілесов Түркістан облысына жасаған жұмыс сапары аясында Ордабасы ауданына барып, өңірдегі ірі өндірістік кәсіпорындардың қызметімен танысты. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Жұмыс сапары барысында Мәжіліс депутаттарымен бірге «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы партиялық фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, облыстық мәслихат депутаты Ғани Райымбеков, сондай-ақ Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Олжас Болатханұлы нысан аумағында болып, өндірістік жұмыстардың барысын жан-жақты зерделеді.
Кәсіпорын жұмысымен таныстыру кезінде аудан әкімінің орынбасары Олжас Болатханұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту және отандық өндірісті дамыту жөніндегі тапсырмалары өңірде жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің бастамасымен Ордабасы ауданында инвестициялық ахуалды жақсарту, кәсіпкерлікті қолдау және өндіріс көлемін арттыру бағытында нақты әрі нәтижелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Сапар аясында халық қалаулылары Бадам ауылдық округінде орналасқан «KAZ KIOTI» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын зауытына барып, өндірістік үдерістермен, технологиялық желілермен және кәсіпорынның даму жоспарларымен танысты. Сонымен қатар еңбек ұжымымен еркін форматта кездесу өтіп, жұмысшылардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды.
Кездесу барысында депутаттар өндірістегі бірқатар өзекті мәселелерге, оның ішінде еңбек жағдайын жақсарту, технологиялық жаңғырту және кадрлық әлеуетті нығайту мәселелеріне ерекше назар аударды. Мәжіліс депутаттары көтерілген ұсыныстарды ескере отырып, оларды заңнамалық деңгейде қолдауға және тиісті шешімдер қабылдауға дайын екендіктерін білдірді.
Атап өту қажет, «KAZ KIOTI» ЖШС зауыты 2015 жылдан бері тұрақты жұмыс істеп келеді. Бүгінде кәсіпорында 150 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жалпы инвестициялық құны 6,9 млрд. теңгені құрайтын өндіріс орны жылына 2 мың дана ауыл шаруашылығы техникасын шығаруға қауқарлы. Сонымен қатар кәсіпорында өндірістегі локализация деңгейі жыл сайын артып, шойын бұйымдарын шығару жолға қойылып, нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылуда.
Мәжіліс депутаттары бұл кәсіпорынның өңір үшін ғана емес, жалпы еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамытудағы маңызы зор екенін атап өтті. Отандық ауыл шаруашылығы техникасын өндіру – импортқа тәуелділікті азайтып, фермерлерді қолжетімді әрі сапалы өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы жұмыстар «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында белгіленген отандық өндірісті қолдау, өңірлік экономиканы дамыту және халықты тұрақты жұмыспен қамту жөніндегі міндеттермен толық үндеседі.
Жұмыс сапары қорытындысында халық қалаулылары жергілікті атқарушы органдармен және кәсіпорын басшылығымен бірлесіп, өңірдегі өндірістік әлеуетті одан әрі арттыру, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелерін талқылады. Көтерілген ұсыныстар мен түйткілді мәселелерді Парламент деңгейінде қарастыру жоспарланып отыр.

