Ордабасы ауданында БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті. Журналистер қауымы бірінші кезекте «Бадам» индустриалды аймағында орналасқан «CENTRAL ASIA ALUMINIUM COMPANY» ЖШС-нің жұмысымен танысты. Аталған кәсіпорында алюминий профильдері өндірілмек. Қазір таңда құрылыс жұмыстарының екінші кезеңі жүруде. Жобаның жалпы құны — 4,4 млрд. теңге. Онда 200 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Жылдық қуаттылығы — 30 мың тонна. Бұл туралы Түркістан облысының өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Сондай-ақ, сапар аясында БАҚ өкілдері Ордабасы тауындағы «Бірлік» монументіне барды. Қазақтың үш биіне арналған ескерткішті көріп, оның аумағында атқарылып жатқан абаттандыру жұмыстарымен танысты. Қазіргі таңда монумент туристер үшін танымал орынға айналып келеді. Айта кететін жайт, бұл тарихи кешен демеушілер есебінен салынған.
Журналистер баспасөз туры барысында аудан орталығы Темірлан ауылындағы «Этно ауыл» кешенінде туризм саласындағы 2 ірі жобамен танысты. Олардың бірі — елімізде теңдесі жоқ «AIR CRAFT» жобасы. Бұл жоба аясында Шұбар ауылдық округіндегі 54 гектар аумақта ұшқыштар даярлау және ұшақтарды шығару бойынша жұмыстар атқарылуда. Жобаның жалпы құны 1,5 млрд. теңге. Аталған жоба аясында 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Сондай-ақ, аудан орталығында бір мезетте 300 адамға дейін қызмет көрсететін «Темірші» демалыс аймағы таныстырылды. Аталған орын жеке кәсіпкердің өз қаражатына салынған. Қазіргі таңда 30 адам тұрақты жұмыс істеуде.