ОБЛЫС КӨЛЕМІНДЕ ЖАҢА КӘСІПОРЫНДАР ІСКЕ ҚОСЫЛЫП КЕЛЕДІ

«AMANAT» партиясы – ауыл шаруашылығын экономикамыздың стратегиялық мәні айрықша саласы деп біледі. Бұл саланың қарқынды дамуы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ерекше назарында. Қазақстан аграрлық мемлекет ретінде терең өңделген өнім шығаруға басымдық беріп келеді. Осы орайда, «AMANAT» партиясы «Ауыл аманаты» жобасы арқылы ауыл кәсіпкерлігін қолдауға, өңірлік өндірістің нақты өсіміне серпін беру бағытындағы жұмысты жүйелі түрде жалғастырып отыр. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Түркістан облысының негізгі экономикалық қуатын ауыл шаруашылығы құрайтыны белгілі. Облыс көлемінде ауыл шаруашылығы мен қайта өңдеу саласындағы өндірістік қуат артып, жаңа кәсіпорындар іске қосылып келеді. Осы бағыттағы жұмыстарды партиялық бақылау аясында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы партиялық фракция жетекшісі Алтынсары Үмбеталиев Түлкібас ауданына жұмыс сапарымен барып, жаңа өндірістік желілерін қосқан кәсіпорындардың тыныс-тіршілігімен танысты. Жаңа кәсіпорындардың жұмысымен танысу кездесулеріне «Ұлы Дала» ауылдық бизнесті дамыту қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан облысы бойынша филиалының жетекшісі, «Әкімдер мектебі» жобасының менторы Жандос Әзімбай, партияның Түлкібас аудандық филиалының төрағасы Ержан Жүнісов қатысты.  Аудандағы жаңа буын өндіріс орындарының қуаты мен серпінді даму қадамдары жөнінде аудан әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары Ғани Құрманбай ақпарат беріп, таныстырды.

Алдымен аманаттық өкілдердің жұмыс тобы «Майтөбе–Сүт» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінде болды. Кооперативтің өндіріс желісі, өнім сапасы және маусымдық қабылдау көлемі партиялық бақылау тұрғысынан зерделенді. Жаз айларында тәулігіне 5 мың тонна, қыста 3 мың тоннаға дейін сүт қабылдайтын кәсіпорын бүгінде 13 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Бұл – ауылдағы еңбек нарығын қолдаудың маңызды көрсеткіші.

Келесі нысан – «Түлкібас жеміс-жидектері» ауыл шаруашылығы кооперативі болды. Заманауи қондырғылармен жабдықталған кәсіпорын жылына 5000 тонна жеміс-жидекті қайта өңдеуді жоспарлап отыр. Мұнда 20 азамат тұрақты жұмыспен қамтылған және бұл жоба өңірдегі қайта өңдеу саласының әлеуетін арттыруға жұмыс жүргізетін болады. Алдағы уақытта өндіріс технологиясының тиімділігі мен өнім өткізу нарығын кеңейту бойынша партия өкілдері кәсіпорын басшылығымен бірлескен іс-қимылдар жүргізетін болады.

Жұмыс сапарының аясында партияның облыстық филиалының төрағасы «Тау Форель» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің жұмысымен де танысты. Жылына 8–10 тонна ханбалық өндіретін кәсіпорын бүгінде өнімін Шымкент, Алматы және Астана қалаларына жөнелтуде. Алдағы уақытта мұнда форельмен қатар сазан және бекіре балық тұқымдарын өсіру жоспарланған. Жоба құрылтайшылары өндіріс ауқымының ұлғаюы тұтастай аудан экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік беретінін айтты.

Кәсіпорындардың жұмысымен және алдағы жоспарларымен танысқан Алтынсары Дүйсенбекұлы, ауыл шаруашылығын жоғары технологияға негізделген озық сала ретінде дамыту Мемлекет басшысы айтқан маңызды міндет екенін жеткізді. Агроөнеркәсіп кешенінің басты бағыттары бойынша инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға басымдық беріліп жатқанын айтып, бұл саладағы өнімдер экспортын ұлғайту – отандық кәсіпкерлеріміз үшін стратегиялық мақсат болып белгіленгенін айтты. Экологиялық тұрғыдан таза азық-түлік өнімдеріне сұраныс әрдайым жоғары болатынына назар аударып, бұл бағыттағы жұмыстарды үйлестіруге «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы әрқашан дайын екенін білдірді. Партияның облыстық филиалы өңірдегі кәсіпкерлікті, ауыл шаруашылығы кооперативтерін, жаңа өндіріс орындарын қолдауды жүйелі түрде жалғастыра береді деген пікірін айтты.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды