Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес прокуратура органдары инвестициялық жобаларды сүйемелдеуді және инвесторлармен өзара іс-қимылды жалғастыруда. Бұл туралы Түркістан облысының прокуратурасы хабарлады.
Жаңадан енген инвесторлармен танысып, заңнамадағы өзгерістер бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында Түркістан қаласының прокуроры Каукен Нәрікбаевтың төрағалығымен, жергілікті атқарушы органдар басшыларының қатысуымен, инвестициялық нысандар орналасқан аумақтарға іс-сапар ұйымдастырылып, жұмыс кездесуі өтті.
Қала аумағында жалпы құны 197 миллиард теңгені құрайтын 17 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.
Аталған жобалар аясында 6 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Инвесторлар қатарында Біріккен Араб Әмірліктері мен Қытай халық республикасының компаниялары бар.
Жаңадан енгізілген жобалардың қатарында асфальт-бетон өнімдерін шығаратын өндіріс орны, сондай-ақ темірбетон бұйымдары мен тауарлық бетон өндіретін заманауи зауыттың құрылысы бар.
Бұл кәсіпорындар өңірдің құрылыс саласына серпін беріп, инфрақұрылымдық дамуға елеулі үлес қосады.
Кездесу барысында прокурор мемлекеттік органдардың басшыларын инвесторлармен таныстырып, өзара тиімді қарым-қатынас орнатуға бастамашы болды.
Сондай-ақ әкімшілік кедергілердің алдын алу, жергілікті атқарушы органдармен ынтымақтастықты күшейту және инвесторлармен тұрақты әрі нәтижелі байланыс орнатудың маңызы ерекше атап өтіліп, көтерілген нақты мәселелер бойынша тиісті тапсырмалар берілді.
Прокуратура алдағы уақытта да инвестициялық жобаларға құқықтық қолдау көрсетіп, олардың толық әрі уақытылы іске асырылуына жан-жақты ықпал етуді жалғастырады.