ӨНДІРІСТІ ДАМЫТУ АРҚЫЛЫ ҚУАТТЫ ЭКОНОМИКАНЫҢ НЕГІЗІ ҚАЛАНАДЫ

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Қайрат Балабиев пен Нұрсұлтан Байтілесов Арыс қаласына жасаған жұмыс сапары аясында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін бірқатар маңызды нысандарды аралап, жүзеге асырылып жатқан жобалардың барысымен танысты. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Депутаттар алдымен Арыс–Шардара тас жолы бойындағы өндірістік парк құрылысын аралап көрді. Арыс–Шардара тас жолы бойында орналасқан өндірістік парк құрылысымен танысты. Жалпы аумағы 1,44 гектарды құрайтын аймақта қазіргі таңда 6 өндірістік ғимараттың құрылысы басталған. Әр нысанның өлшемі – 40×12 метр, жалпы алаңы 2880 шаршы метр. Сонымен қатар әр кәсіпкерлік жобаға 20 соттық жер телімін бөлу жоспарланған.

Парламент өкілдері өндірістік паркті инфрақұрылыммен қамту жұмыстарының барысын қадағалады. Бүгінде мұнда электр желісі толық тартылған, кәріз жүйесі мен ауызсу скважинасы дайын, табиғи газ желісін жүргізу жұмыстары жалғасуда. Жоспарға сәйкес, өндірістік паркте термопанельдер өндіру, пластик есік-терезелер шығару, жиһаз жасау, түйе сүтін терең өңдеу және табиғи газ есептегіш құралдарын шығару бағытындағы бес жоба іске асырылмақ.

— Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздің өндірістік қуатын арттыруға басымдық берілді. Өндірісті дамыту арқылы қуатты экономиканың негізі қаланады. Арыста қолға алынған өндірістік парк жобалары жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, шағын және орта бизнестің өрісін кеңейтуге мүмкіндік береді. Мұндай бастамалар азаматтардың тұрмысын жақсартуға тікелей әсер етеді», – деді Мәжіліс депутаты Қайрат Рақымұлы.

Бұдан кейін депутаттар «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған Сайлауалды бағдарламасын Түркістан облысында іске асыру жөніндегі Жол картасына енгізілген әлеуметтік маңызы зор нысан – 600 орындық мектептің құрылысымен танысты. Арыс қаласының «Отырар» тұрғын ауданында салынып жатқан білім ошағының құрылыс-монтаждау жұмыстары толық аяқталып, оны пайдалануға тапсыру шаралары басталған. Парламенттегі фракция депутаттары жаңа мектепті білікті педагог кадрлармен қамтамасыз ету мәселесіне назар аударды.

Жұмыс сапары барысында Парламент өкілдері «Тараз» тұрғын ауданында «Келешек мектептері» Ұлттық жобасы аясында пайдалануға берілген 600 орындық мектептің жұмысымен танысты. Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынған бұл білім ошағы заманауи стандарттарға толық сай жабдықталған. Мұнда екі спорт залы, акт залы, асхана, коворкинг аймақтары, кітапхана, мәжіліс залы, пәндік кабинеттер мен шеберханалар, сондай-ақ оқушыларға арналған ашық футбол алаңы қарастырылған.

Мәжілісмендер білім беру инфрақұрылымын дамыту – мемлекеттің ұзақмерзімді басымдығы екенін айтты. Арыста салынып жатқан және пайдалануға берілген заманауи мектептер балаларға сапалы білім алуға қолайлы жағдай жасап, болашақ ұрпақтың әлеуетін арттыруға қызмет етеді деген сенімдерін білдірді.

Жұмыс сапарының қорытындысында мәжілісмендер көтерілген мәселелер мен ұсыныстарды тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп пысықтайтынын жеткізді. Алдағы уақытта да Парламенттегі «AMANAT» партиясының фракциясы өңірлердің дамуына серпін беретін жобаларды тұрақты бақылауда ұстап, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бастамаларды қолдауды жалғастыра береді.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды