Бәйдібек ауданына жұмыс сапарымен венгриялық инвесторлар барды. «East-West Agro» компаниясының Шығыс Еуропа және Азия бойынша аймақтық директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Молнар Пал және ауыл шаруашылығы дақылдары бойынша менеджер, агроном Вираг Эрик аудан шаруаларымен кездесті. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Кездесу барысында тараптар жоғары сұрыпты дәнді және бұршақты дақылдарды, атап айтқанда құмай мен күнбағыс тұқымдарын өсіру және жоғары технологияларды қолдану мүмкіндіктерін талқылады.
Сонымен қатар, венгриялық мамандар ауданның топырақ құнарлылығын зерттеп, жер ресурстарының әлеуетін анықтау бағытында жұмыстар жүргізетінін жеткізді. Инвесторлар «Асқар тау» шаруа қожалығына арнайы барып, 500 гектар алқапқа орнатылған жаңбырлатып суару қондырғыларымен танысты. Бұл технологияның тиімділігі мен егіс өнімділігін арттырудағы рөлі ерекше атап өтілді. Сапар аясында делегация аудан орталығындағы №19 кәсіптік колледжге барып, ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын оқу орнының материалдық-техникалық базасымен танысты. Қос тарап студенттермен тәжірибе алмасу, тағылымдамадан өткізу сынды мәселелер бойынша ынтымақтастық орнату мүмкіндігін қарастырды.