МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУДА 25 БАҒЫТ БОЙЫНША ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛУДЕ

«AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» Сайлауалды бағдарламасын Түркістан облысында іске асыру жөніндегі Жол картасында азаматтардың табысын арттыруда межелі міндеттер белгіленген. Соның ішінде облыс экономикасының қуатты көзі болып табылатын ауыл шаруашылығын дамыту ең әуелгі басымдық болып бекітілген. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Тұрғындарының басым бөлігі ауылдарда тұратын өңірімізде партиялық бағыт бойынша айналымға қосылған ауыл шаруашылық жерлерінің үлесін арттыру, ауыспалы егістіктің көлемін ұлғайту, шаруаларға берілетін минералды тыңайтқыштар көлемін еселеу, азық-түлік белдеуін құру, ылғал үнемдеу технологияларына көшу сияқты аса маңызды мәселелер айқындалған. Сондай-ақ жылыжай шаруашылықтарының дамуына жағдай жасау, репродукциялы тұқым көлемін көбейту, агроөнеркәсіп кешенінде жалпы өнім көлемін арттыру, ауыл шаруашылық техникалар паркін жаңарту, мал бордақылау алаңдарының жұмысын жолға қою, «Жер аманаты», «Ауыл аманаты» жобаларын іске асыру, қайта өңдеу кәсіпорындарын ашуға ықпал ету, су қоймаларының құрылысын жүргізу бастамасына қолдау көрсету, ауыл шаруашылығы саласында еңбек өнімділігін арттыру мәселелері қаралған.

Өңір экономикасындағы негізгі саланың даму динамикасы облыс басшысы Нұралхан Көшеровтың жіті қадағалауында. Ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстар облыс әкімінің қатысуымен өткен жиында қаралды. Мәжілісте өңір басшысы    шаруаларды қолдау бағытындағы жұмыстар жалғасатынын, субсидиялар мен жеңілдіктер өңірдің өзіндік кірістерін арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігіне үлес қосуы тиіс екенін жеткізді. Жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдеріне тиісті тапсырмалар жүктелді.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдаллаевтың есебінде биыл Түркістан облысында ауыл шаруашылығы субъектілерін қолдауға 48,5 млрд. теңге қаржы бөлінгені айтылды. Оның ішінде облыстық бюджеттен 43,3 млрд. теңге, үкіметтік резервтен 5,2 млрд. теңге қаралған. Тоғыз айдың қорытындысымен шаруаларға 42 млрд. теңге бөлініп, аграрлық саланы мемлекеттік қолдау шаралары ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақты дамуына серпін берген.

«Басым дақылдардың өндірісін субсидиялау» бағдарламасы арқылы 4,4 млрд. теңге қаржы қаралған. Бағдарлама арқылы жылыжай шаруашылықтарын қолдаудың нәтижесінде жылыжай өнімдерінің бағасы тұрақты болған, егіс пен алынған өнім көлемі артып жатқаны мәлімделді. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, 2023 жылы жылыжай шаруашылықтарында 78 мың тонна өнім алынса, бүгінде оның көлемі 101,5 мың тоннаға жеткен.

Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемін екі есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмасы аясында, биыл ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін 189,8 мың тонна минералды тыңайтқыштармен қамту жоспарланып, бұл мақсатқа бюджеттен 12,2 млрд. теңге бөлінген. Жоспар толық орындалып, егіс алқаптары 206 мың тонна минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз етіліп, оның көлемі өткен жылмен салыстырғанда 1,4 есе артқан.

Сондай-ақ жиын барысында республика бойынша ірі қара малдың – 13, ұсақ малдың – 22, жылқының – 11 және түйенің – 14 пайызы Түркістан облысының еншісінде екені айтылып, биылғы сегіз айда 123 мың тонна ет, 367 мың тонна сүт, 177 млн. дана жұмыртқа өндірілгені туралы мағлұмат берілді.

Жалпы, мал шаруашылығын дамытуда 25 бағыт бойынша қолдау көрсету жүзеге асырылуда. 2024 жылдан бастап, бағдарлама арқылы асыл тұқымды аналық мал басын сатып алуға басымдық берілген. 2023 жылмен салыстырғанда асыл тұқымды ірі қара мал саны 117 пайызға өссе, ұсақ мал саны 3,9 есе артқан, жылқы басы 101,2 пайызға жеткен. Қайта өңдеуші кәсіпорындардың шығындарын субсидиялау бағдарламасы бойынша 2023 жылы – 1,3 млрд. теңге, 2024 жылы – 1,85 млрд. теңге, 2025 жылы – 1 млрд. теңге бөлінген. Бағдарлама өңіріміздің тамақ өнімдерінің көлемін арттыруға ықпал етіп жатқаны айтылды.

Партия бекіткен Жол картасы тармақтарының орындалуы облыстық партия филиалы жанындағы кеңестердің және мәслихаттардағы партиялық фракция мүшелерінің тұрақты қадағалауында болады.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды