Мақтаарал ауданындағы “Атамекен” кеден бекетінің маңындағы арнайы экономикалық аймақта 4 ірі кәсіпорын ашу жоспарланған болатын. Соның бірі — «Мақтарал Xing Feng» ЖШС-нің құны 5,8 миллиард теңгені құрайтын мақта және мақта майын өңдеу зауытының құрылысы басталды. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Жаңа өндіріс орны іске қосылғанда жылына 10 мың тонна мақтаны өңдеуге және 10 мың тонна мақта майын өндіреді. Бұл көрсеткіштер Мақтаарал және көршілес аудандарда өсірілетін шикізатты тиімді өңдеуге, ішкі нарықпен қатар экспорттық бағыттағы әлеуетті арттыруға зор мүмкіндіктер бермек. Зауыт толықтай іске қосылғаннан кейін 150 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылды. Аудан әкімі Бақыт Асанов арнайы экономикалық аймаққа барып, құрылыс жұмыстарымен танысты. Ол зауыттың жоспарлы түрде және белгіленген мерзімде аяқталуы үшін барлық қолдау көрсетілетінін атап өтті. Сонымен қатар, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту, инфрақұрылымды дамыту мәселелері де басты назарда болатынын жеткізді.
Бұдан бөлек, арнайы экономикалық аймақта 1,5 миллиард теңгеге «Tabys Silkway» ЖШС-ның тоқылған және полипропилен қаптарын өндіретін зауыт, 500 миллион теңгеге «Taza Agro Onimderi» ЖШС-нің күріш өңдеу зауыты және 5 миллиард теңгеге «Food Waste» ЖШС-ның органикалық қалдықтарды өңдейтін зауыттар ашылмақ. Бұл кәсіпорындардың барлығы өз кезегінде аудан экономикасының жандануына, инвестициялық ахуалдың жақсаруына оң әсерін тигізбек.