Бүгін елімізде жаңғыртудан өткен екі автомобиль өткізу пункті ашылды. Нақтырақ айтқанда, Өзбекстанмен шекарада орналасқан «Қазығұрт» және Түркіменстанмен шекарада орналасқан «Темір баба» заманауи технологиялық өткізу пункттері пайдалануға берілді. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған тапсырмасын іске асыру жөніндегі жүйелі қадам. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Дербісек ауылында орналасқан «Қазығұрт» өткізу бекетінің салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Қаржы министрі Мәди Такиев, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері қатысты.
ҚР Қаржы министрі көпшілікті нысанның ашылуымен құттықтап, бұл бекеттің еліміз бен көршілес елдер арасындағы сауда-экономикалық байланысты арттыруда маңызды рөл атқаратынына тоқталды. Шекаралық аймақта заманауи және тиімді инфрақұрылымды дамыту еліміздің транзиттік әлеуетін арттырып, сауда байланыстарын нығайту мен өңірде сенімді логистиканы қамтамасыз етудің маңызды шарты екенін айтты.
Нұралхан Көшеров аталған нысанның маңыздылығына тоқталып, жұмысына сәттілік тіледі.
– Бұл нысан – мемлекетіміздің көлік-логистика саласын дамытуға бағытталған нақты қадамы, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында атап өткен «Қазақстанды Еуразия кеңістігіндегі жетекші көлік хабына айналдыру» туралы стратегиялық міндеттердің жүзеге асуының көрінісі. Биыл республика көлемінде 8 кеден бекеті толық жаңғыртылып, іске қосылады. Осы бағытта облысымызда да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның нәтижесі – бүгін қайта жасақталып, заманауи талаптарға сай жабдықталған «Қазығұрт» кеден бекетінің ашылуы. Бекет Еуропа мен Қытайды Орта Азия арқылы жалғайтын маңызды көлік дәлізінде орналасқан. Президентіміз атап өткендей, кеден саласын жаңарту – ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттырудың, транзиттік әлеуетті күшейтудің өзекті бағыты. Жаңғыртылған «Қазығұрт» кеден бекеті өңір экономикасының дамуына, транзиттік әлеуеттің артуына және халықаралық сауда қатынастарының нығаюына жаңа серпін береді деп сенемін, – деді облыс әкімі.
Іс-шара барысында шекара маңындағы инфрақұрылымды нығайту бағытындағы жұмыстар, техникалық жарақтандыру, сондай-ақ жүргізілген кешенді өзгерістер таныстырылды.
Нысанды реконструкциялау жұмысы 2023 жылы басталған. Мұнда көлікті тіркеудің автоматтандырылған жүйесі, озық сканерлеу жабдықтары, салмақ габаритті жүйелер, сондай-ақ рентген-телевизиялық қондырғылар, «тепловизорлар» және радиациялық бақылау құралдары енгізілді. Қауіпсіздік пен жайлы қозғалысты арттыру мақсатында қозғалыс ағындары жаяу жүргіншілерге, жеңіл және жүк көліктері үшін бөлінген. Жүк көліктері үшін техникалық бақылаудан тоқтаусыз өтуге мүмкіндік беретін автоматтандырылған дәліздер қарастырылған. Кеден бекеті қазіргі заманға сай техникалық құралдармен және цифрлық сервистермен жабдықталып, өткізу қабілеті айтарлықтай артты. Бұған дейін кеден бекеті тәулігіне екі бағытта 250 жүк көлігін өткізуге мүмкіндігі болса, бүгінде тәулігіне 1 000 жүк көлігін өткізе алады. Ал бекет аумағы 2,5 гектардан 4,8 гектарға дейін кеңейтіліп, өткізу пунктіндегі жүк көліктеріне арналған көлік жолақтары екі жолақтан алты жолаққа дейін артты.
Жалпы «Қазығұрт» өткізу пунктінде 2025 жылдың алғашқы 11 айының нәтижесі бойынша, кеден бекеті арқылы өткен тауар айналымы мен көлік қозғалысы айтарлықтай өскен. Атап айтқанда, импорт көлемі 155,4 млн АҚШ долларын құрап, өткен жылмен салыстырғанда 5%-дан астам өсім көрсеткен. Ал экспорт 252,4 млн АҚШ долларына жетіп, 57%-ға артқан. Кеден бекеті арқылы өткен жүк көліктерінің саны былтырға қарағанда 4,6 мың бірлікке ұлғайып, жаңғырту нәтижесінде жүк қозғалысы жылдамдап, бақылау сапасы күшейді.
Сонымен қатар «Шымкент – ӨР шек. Жібек жолы ө/п» автомобиль жолының «Қазығұрт» кеден бекетіне кіреберіс 230 метр жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жоба бойынша қолданыстағы жабынды бұзылып, 2 жолақты қозғалыс бөлігі 4 жолаққа дейін ұлғайтылды. Жаяу жүргіншілер жолы салынып, жарықтандыру, қоқыс жәшіктері, суағар жүйелері орнатылды.
Іс-сапар соңында министр Қазақстан – Өзбекстан шекарасындағы «Жібек жолы» өткізу пунктіне барып, реконструкция жұмыстарының барысымен танысты. Құрылыс жұмыстарын сапалы атқарып, нысанды мерзімінде тапсыру қажет екенін атап өтті.
Жалпы облыстағы «Атамекен», «Б.Қонысбаев» және «Қапланбек» кеден бекеттері де толық жаңартылып, халықаралық көлік дәліздеріндегі үздіксіз және кедергісіз қозғалысты қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаруда. Сондай-ақ «Жібек жолы» өткізу пунктін толық қайта жаңғырту жұмыстары басталып, құрылысты келесі жылдың шілде айында аяқтау көзделген.
Айта кетейік, Түркістан облысы мен Өзбекстан Республикасы шекарасының жалпы ұзындығы 965 шақырымды құрайды. Қазақстан – Өзбекстан шекарасында 6 кеден бекеті мен 2 бақылау-өткізу пункті орналасқан.
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында республика көлемінде жаңғырту жұмыстарымен 9 автомобиль өткізу пункті қамтылды. Барлық өткізу пункттерін жаңғырту жұмыстары олардың фактілік жабылуынсыз жүргізіліп, жүк көліктерінің өтуі мемлекеттік бақылау жүзеге асырылатын уақытша схема бойынша қамтамасыз етілді. Нысанды жобалау кезінде заманауи технологиялық шешімдер және өткізу пункттерін жабдықтаудың үздік халықаралық тәжірибесі қолданылды. Жоба «жылдамдық, тиімді бақылау, қауіпсіздік, жайлылық» қағидаттарына негізделген.
Нәтижесінде, Қазақстан – Өзбекстан шекарасындағы өткізу пункттерінің жұмысында өткізу қабілетін арттыруға және кедендік операцияларды жеделдетуге бағытталған елеулі өзгерістер орын алды. Атап айтқанда, екі ел арасындағы тауар айналымының едәуір өсіп, өсім 510,4 млн АҚШ долларын немесе 54%-ды құрады. Шекара арқылы орын ауыстыру көрсеткіштері артып, жүктерді өткізу уақыты 3 сағат 30 минуттан 45 минутқа дейін қысқарды. Сонымен қатар транзиттік әлеуеті артты. 132 267 транзиттік декларация ресімделіп, өсім 2 352 декларация немесе 2%-ды құрады. Кеден бекеттерінің қызметкерлері тәулік бойы 3 ауысыммен бақылау жүргізеді. Әр ауысымға шамамен 20–25 қызметкер жұмылдырылады.

