«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Түркістан облыстық филиалында Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің жұмыс жиыны өтті. Мәжіліс «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалымен бірлесе өткізіліп, онда кәсіпкерлік саласындағы өзекті мәселелер қаралды. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Кеңес төрағасы Орынбасар Кабиштаевтың жетекшілігімен өткен жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозыбеков, Түркістан облысының мамандандырылған экономикалық сотының төрағасы Құрасбек Рысқұлбеков, облыс прокурорының бірінші орынбасары Саян Келдібеков, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, сондай-ақ мемлекеттік органдардың жауапты басшылары бизнес қауымдастықтың өкілдері, кәсіпкерлік палатының жауапты азаматтары қатысты. Кеңестің бірқатар мүшелері жиынға онлайн форматта қатысты.
Кәсіпкерлікті дамыту – елдің экономикалық өсімі мен әлеуметтік тұрақтылығының басты тетіктерінің бірі ретінде қарастырылатынын жеткізген Орынбасар Әбдікәрімұлы, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «AMANAT» партиясы кәсіпкерліктің өзекті мәселелерін бірлесіп шешуге күш салып жатқанын жеткізді.
— Бүгінгі жиында 3 негізгі тақырыпты қарастыратын боламыз. Олар: Ауылшаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің құқық белгілейтін құжаттарын зерделеу нәтижесінде анықталған кемшіліктер. Салдары мен отандық бизнеске әсері мәселесі; Стационарлық емес сауда объектілерін орналастыру. Сауда, қызмет көрсету саласындағы шағын кәсіпкерлікті дамыту үшін стационарлық емес сауда объектілерін берудің жәй-күйі тақырыбы; Тауарлар мен жұмыстарға мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру кезінде мемлекеттік тапсырыс берушілер тарапынан жол берілетін кемшіліктер мен оның салдары жөніндегі хабарламалар тыңдалады. Аталған тақырыптар бойынша өзекті мәселелерді белгілеп, шешу жолдарын қарастыратын боламыз, — деді кеңес төрағасы кіріспе сөзінде.
Күн тәртібіне шығарылған мәселе бойынша хабарлама жасаған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозыбеков облыс әкімдігі бизнеспен әрдайым ашық диалог орнатуға мүдделі екенін білдірді, саладағы өзекті мәселелерді бірлесіп шешуді маңызды басымдық деп санайтынын айтты. Қазіргі таңда облысымызда шағын және орта бизнесті сүйемелдеуде құны 5 миллионнан 500 миллион аралығындағы жобаларға «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасы мен Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары арқылы қолдау көрсетілетінін мәлімдеді, ал құны 500 млн. теңгеден асатын жобаларды «Түркістан инвест» ЖШС сүйемелдейтінін айта отырып, кәсіпкерлер мен инвесторлардың өзекті мәселелерін шешуде инвестштаб жұмыс жүргізетінін хабарлады.
— Облыс экономикасының барлық салаларында оң өсім динамикасы бар. Өңдеу өнеркәсібінда шығарылған өнім көлемі 13 пайызға ұлғайды, облыс экономикаасына тартылған инвестиция көлемі 782 млрд. теңгеге жетті, шағын және орта кәсіпкерлік саласында 216 мың субъекті жұмыс жүргізіп, Астана, Алматы қалаларынан кейін үшінді орынға тұрақтадық. Облыс аумағында 20 индустриалды аймақ жұмыс жүргізеді, ондағы жобаларға коммуналдық тарифтер бойнша қолдау көрсетіледі. Арнайы экономикалық аймақтағы жобаларға салық және кеден төлемдері бойынша жеңілдіктер қарастырылған. Шағын өндірістік парктер жобасы қарқын алып отыр, — деді Талғат Жапарханұлы.
Облыс прокурорының бірінші орынбасары Саян Келдібеков кәсіпкерлік субъектілерінің құқығын қорғау, кәсіпкерлікке кедергі келтіретін әкімшілік тоқсқауылдарды болдырмау, бизнеске қатысты заңсыз шешімдерді жою бағытында 24/7 форматында жұмыс жүргізілетінін айтты. Бұл міндеттерді тиімді атқаруда колл-центр, сенім телефондары жұмыс істейтінін атап өтіп, кәсіпкерлермен ашық диалог өткізуде аудан, қалаларда мақсатты кездесулер өткізіліп, өзекті деген мәселелерді шешуде нақты қадам жасалып жатқанын мәлімдеді. Прокуратура органдары ауыл шаруашылығы жерлерін заңсыз берілген фактілерді анықтауда, игерілмеген немесе мақсатсыз пайдаланылған жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару бойынша жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.