ІШКІ ЖӘНЕ СЫРТҚЫ НАРЫҚҚА ЖОҒАРЫ САПАЛЫ ӨНІМ ҰСЫНУМЕН АЙНАЛЫСАДЫ

Ордабасы ауданы, Төрткүл ауылындағы «Рамазан-Агро» ЖШС суармалы жерлерде мақта егу және оны өңдеу арқылы ішкі және сыртқы нарыққа жоғары сапалы өнім ұсынумен айналысады. Бүгінде шаруашылықтың қарамағында 723 гектар суармалы жер бар. Кәсіпорын Түркиядан әкелінген жоғары сапалы мақта сорттарын егіп, жылына 4 500 тонна мақта жинайды. Жиналған өнім кәсіпорынның өз мақта өңдеу зауытында өңделіп, жылына 35 000 тоннаға дейін мақта талшығы өндіріледі. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Қазіргі таңда шаруашылықта 77 тұрақты қызметкер еңбек етеді, ал маусымдық жұмыстар кезінде 300 адамға дейін жетеді. Бұл ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға айтарлықтай үлес қосуда. Серіктестік өндіріс тиімділігін арттыру мақсатында заманауи ауыл шаруашылық техникаларын кеңінен қолданады. Кәсіпорынның меншігінде 120-дан астам техника бар, олардың қатарында “John Deere” маркалы мақта жинайтын комбайндар, тракторлар, тіркемелер, тиегіштер мен басқа да заманауи жабдықтар бар. Сонымен қатар, шаруашылық егістікке жаңбырлатып суару жүйесін орнатқан. Бұл инновациялық техника су ресурстарын үнемдеуге, сонымен қатар тыңайтқыштарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, «Рамазан-Агро» ЖШС өнімдері тек отандық нарықта ғана емес, шетелде де жоғары сұранысқа ие. 2016-2017 жылдары серіктестік Чехияның “Cotton CZ S.R.O” компаниясымен келісімшарт жасап, тұрақты серіктестік орнатқан. Сонымен қатар, шаруашылықтың өнімдері Беларусь, Ресей және Молдова елдеріне экспортталады.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды