«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Түркістан облыстық филиалында Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің жұмыс жиыны өтті. Мәжіліс «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалымен бірлесе өткізіліп, онда кәсіпкерлік саласындағы өзекті мәселелер қаралды. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
«AMANAT» партиясы облыс кәсіпкерлерімен тікелей кездесулер өткізіп, олардың ұсыныс-пікірлерін жинақтап, партияның Орталық аппаратына, Парламент Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясының депутаттарына жеткізетінін облыстық партия филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев айтты.
— Кәсіпкерлікті қолдау – еліміздің тұрақты дамуы мен экономикалық өрлеуі жолындағы мемлекеттік саясаттың және «AMANAT» партиясы жұмысының стратегиялық басымдықтарының бірі. Сол себепті, бұл мәселе партиямыздың Сайлауалды бағдарламасында көрініс тауып, партия жанындағы кеңестерде тұрақты талқыланып, депутаттар тарапынан Үкіметке және жауапты жергілікті атқарушы органдарға депутаттық сауалдар жолдап отырады. Осы орайда, партия Төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошанов ағымдағы жылдың 9 қыркүйегінде өткен аппараттық мәжілісте бизнесті дамыту бойынша жұмысты жандандырып, оны жеке бағыт ретінде айқындауды тапсырған болатын. Аталған тапсырманы орындау мақсатында облыстық партия филиалы жанынан өңірлік кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі үйлестіру кеңесін құру жұмыстары басталды, — деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.
Кәсіпкерлер тарапынан жиі көтерілетін түйткілдің бірі – ауыл шаруашылығы жерлерін беру мен рәсімдеудегі олқылықтар. Жиында облыстық Жер ресурстарын басқару департаменті мен Жер қатынастары басқармасының өкілдері сот тәжірибесінде жиі кездесетін мәселелерге тоқталды. Бастапқыда заң талаптары сақталмай берілген жер учаскелері кейін жарамсыз деп танылып, адал кәсіпкерлер зардап шегіп отыр. Бұл ретте «Зерде-Агро» шаруа қожалығының 400 млн теңгелік алма бағын дамыту жобасы сот шешімінен кейін тоқтап қалуы – нақты мысал ретінде айтылды.
Кәсіпкерлер палатасының өкілдері мұндай жағдайлардың бизнестің дамуына кедергі келтіретінін айтып, Президенттің «адал еңбек еткен кәсіпкерлерге бөгет жасамау» туралы тапсырмасын орындаудың маңыздылығын атап өтті.
Кәсіпкерлікті дамытуға ықпал ететін тағы бір мәселе – көшпелі сауда нүктелерін орналастыру. Облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының дерегінше, Түркістан облысында 206 сауда орны айқындалғанымен, оның тек 17-сі ғана кәсіпкерлерге берілген. Бұл – халық көп шоғырланатын жерлерде шағын кәсіпке мүмкіндік аз дегенді білдіреді. Түркістан қаласында қазіргі таңда 26 әлеуметтік дүкен жұмыс істеп тұр, бірақ сарапшылар бұл көрсеткіштің жеткіліксіз екенін айтты.
Палата өкілдері бәсекелестікті арттыру үшін сауда орындарын ашық конкурс арқылы беру тетігін енгізуді ұсынды. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозыбеков барлық аудан, қала әкімдігіне осы мәселені қолға алып, анализ жасап, жолға қойылуын Кәсіпкерлік басқарма басшысына тапсырды.
Жиында мемлекеттік сатып алу жүйесі де назардан тыс қалған жоқ. Облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы орынбасары тапсырыс берушілер тарапынан жиі кездесетін қателіктерді атады. Ал Палата сарапшылары адал кәсіпкерлердің кейде негізсіз түрде «жосықсыз қатысушылар» тізіміне енгізілетініне тоқталды. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлердің беделіне нұқсан келтіріп, олардың әрі қарай мемлекеттік тапсырысқа қатысуына кедергі жасайды.
Мәжілісте кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, жер қатынастары, шағын бизнесті дамыту және мемлекеттік сатып алу салаларындағы жүйелі проблемалар талқыланып, нақты ұсыныстар айтылды. Кеңес төрағасы Орынбасар Кабиштаев кәсіпкерлердің пікірін ашық айтуының маңыздылығына тоқталып: «Бізге әрбір кәсіпкердің дауысы маңызды. Жер, сауда орындары немесе мемлекеттік сатып алу болсын – кәсіпкерлердің құқығы қорғалмайынша өңірде бизнес дамымайды. Сондықтан біз әрбір мәселені ашық талқылап, шешу жолдарын бірге іздеуге дайынбыз», – деді.
Кәсіпкерлік саласына қатысты жиында айтылған барлық ұсыныстар «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалының назарында болады және барлық мәселелерді салалық мемлекеттік органдардың қатысумен партия алаңдарында өтетін жиындарда нақтылы қаралатын болады.