Ордабасы ауданындағы Бадам ауыл округіне қарасты Қарабастау ауылында «Дарын-2030» фармацевтикалық өндірістік кәсіпорын ашылды. Онда клиникалық-бактериологиялық зертханаларға арналған медициналық реагенттер өндіріледі. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Аталмыш кәсіпорынның негізін қалаушы 40 жылдық тәжірибесі бар провизор, фармацевтика саласының білікті маманы Гүлия Бексұлтанқызы. Салтанатты рәсімге облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов пен аудан әкімі Азат Оралбаев қатысып, кәсіпорынның ел экономикасына қосар үлесіне тоқталды. Іс-шараға қатысушылар зауыттың ішін аралап, өндірістік үдеріс пен заманауи технологиялардың жұмысымен танысты.
«Дарын-2030» серіктестігінің бастамасы – бұл тек жаңа жұмыс орындары ғана емес, отандық медицина мен денсаулық сақтау саласын дамытуға қосылған үлес. Онда қоректік ортаға арналған дефибринделген қой және жылқы қаны, сондай-ақ, зарарсыздандырылған жылқы сарысуы өндіріледі. Сонымен қатар, жаңа фармацевтикалық кәсіпорынның іске қосылуы – өңір экономикасын әртараптандыру мен медициналық саланы дамыту жолындағы маңызды бастама болмақ.