ӨҢІР АШЫҚТЫҚ ПЕН ИНСТИТУЦИОНАЛДЫҚ ТҰРАҚТЫЛЫҚҚА БЕТ БҰРДЫ

2025 жылғы салық түсімдері Түркістан облысының экономикалық моделіндегі сапалық өзгерісті айқын көрсетті. Өңір алғаш рет 1 триллион теңгеден астам салық түсімін жинады. Бұл көрсеткіш – жүйелі әрі ұзақмерзімді экономикалық саясаттың нақты жемісі. Осы арқылы өңір экономикасы көлеңкелі айналымнан нақты есепке, ашықтық пен институционалдық тұрақтылыққа бет бұрды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Соңғы жылдары іске қосылған жаңа өндіріс орындары мен кәсіпорындар облыста тұрақты салық базасын қалыптастыра бастады. Индустриялық және арнайы экономикалық аймақтарда жүзеге асырылып жатқан жобалар инвестициялық кезеңнен өтіп, нақты қаржылық қайтарым беретін фазаға көшті. Бұл Түркістан облысы үшін жүйелі реформалармен, өлшенетін нәтижелермен және айқын экономикалық серпінмен сипатталатын жаңа даму кезеңінің басталғанын білдіреді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2025 жылға арналған Жолдауында айқындалған басымдықтар өңір дамуының негізгі өзегіне айналып, нақты істермен бекітілді.

Президент тапсырмасына сәйкес облыста экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібін дамыту, ауыл инфрақұрылымын жаңғырту және адами капиталды күшейту бағытында кешенді жұмыс жүргізілді. Нәтижесінде Түркістан облысы индустриялық даму кезеңіне нық қадам басты. Салық түсімдерінің құрылымында өнеркәсіп пен өңдеу секторлары үлесінің артуы экономиканы әртараптандыру саясатының тиімді іске асқанын көрсетеді. Инвестициялық жобалар нәтижесінде тұрақты жұмыс орындары құрылып, жергілікті бюджет кірістері ұлғайды. Бұл өңірдің дотациялық тәуелділігін кезең-кезеңімен төмендетуге мүмкіндік берді.

Отандық өндірісті кеңейту мақсатында облыстың барлық аудандарында «Шағын өндірістік парк» жобасы жүзеге асырылуда. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров аталған жобалардың іске асу барысын тұрақты бақылауда ұстап, жаңа өндірістерді іске қосу бағытындағы жұмыстарды үйлестіріп келеді. Осы мақсатта бүгін ол ауқымды жұмыстардың барысын пысықтап, іске қосылатын жаңа зауыттардың жұмыстарын бақылады.

Облыс аумағында жалпы көлемі 238 гектарды құрайтын 21 шағын өндірістік алаң құрылды. Жоба аясында 248 өндірістік ғимарат салу жоспарланған, нәтижесінде 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Жалпы инвестиция көлемі 213 млрд. теңгені құрайды. Бүгінгі таңда 40 ғимараттың құрылысы аяқталып, 32 жоба іске қосылды. Соның нәтижесінде 2 мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылды, тартылған инвестиция көлемі 136 млрд теңгеге жетті. Өндірістік парктер аумағында жиһаз, жаңбырлатып суару жүйелері, мұздатқыш жабдықтар және құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындар жұмыс істей бастады. Алдағы кезеңде бейнебақылау камералары, медициналық жиһаз және тұрмыстық химия өнімдерін өндіру жолға қойылып, ішкі нарықты қамту және экспортқа шығару көзделіп отыр.

2025 жылы облыста бірқатар заманауи өндіріс орындары іске қосылып, индустрия өңір экономикасының нақты драйверіне айналды. Бір ғана желтоқсан айында 7 зауыт пайдалануға беріліп, 2 өндіріс орны мен 1 электр станциясының құрылысы басталды. Жалпы алғанда, өңірде индустриялық аймақтар мен «Turan» арнайы экономикалық аймағы аясында ондаған жоба жүзеге асырылуда. Индустриялық аймақтарда 39 млрд. теңге инвестиция тартылып, 50 жоба іске қосылды. Ал «Turan» арнайы экономикалық аймағында жалпы құны 223 млрд. теңгені құрайтын 20 ірі жоба жүзеге асырылып жатыр.

11 айдың қорытындысы бойынша облыс экономикасына 1,4 трлн. теңге инвестиция тартылып, өсім 123 пайызды құрады. Нәтижесінде шамамен 146 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Бұл – инвестицияның нақты экономикаға, тұрақты табыс пен салық базасына айналғанын айқын көрсететін басты индикатор.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды