ИНВЕСТОРЛАРДАН ЖЕР МЕМЛЕКЕТКЕ ҚАЙТАРЫЛЫП, БАСҚА КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ҰСЫНЫЛАДЫ

Түркістан облысы әкімдігінде облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен инвестициялық штабтың кезекті отырысы өтті. Жиында өңірге инвестиция тарту, инвестициялық ахуалды жақсарту және жаңа жобаларды жүйелі сүйемелдеу мәселелері кеңінен талқыланды. Күн тәртібінде екі негізгі мәселе қаралды. Атап айтқанда, облыс аумағында жүзеге асып жатқан инвестициялық жобалардың қазіргі жағдайы және 2026 жылы іске асырылатын жобалар мен 2025 жылғы форум аясында шетелдік инвесторлармен жүргізілген келіссөздердің орындалу барысы талқыланды. Өңір басшысы инвесторлардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Осы бағыттағы тірлікті жүргізе алмай отырған аудан, қала әкімдері мен инфрақұрылымға жауапты мекеме өкілдеріне жұмысты ширатуды тапсырды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

– Мемлекет басшысы экономиканы әртараптандыруды, отандық өндірісті дамытуды тапсырды. Жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдерінің жұмыс көрсеткіші ең алдымен инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашумен сараланады. Жұмысты ширатып, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу керек. Кәсіпкерлікке қолдау көрсету жалғасады. Екіншіден, барлық аудан, қаладағы өндірістік алаңдарды зерделеп шығыңыздар. Индустриалды аймақтардан жерді алып, жобасын мүлдем бастамай отырған инвесторлардан жер мемлекетке қайтарылып, басқа кәсіпкерлерге ұсынылады, – деген Нұралхан Көшеров бірқатар жобаның кешігіп жатқанына тоқталып, жауаптыларға нақты міндеттер жүктеді.

Жиында Ордабасы, Түлкібас, Созақ және Қазығұрт аудандарында «Саутс Ойл» ЖШС-не қарасты компаниялар тобы жүзеге асырып жатқан бірқатар ірі жобалар таныстырылды. Атап айтқанда, мұнай өңдеу зауытының І және ІІ кезеңі, Састөбе инновациялық кешені, Өгем өзеніндегі ГЭС каскады бар су құбыры, фосфорит рудаларын өңдеу зауыты және газ электр станциясының құрылысы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды. Компания вице-президенті Абзал Меңлібеков жобалардың орындалу барысы мен алдағы жоспарларын мәлімдеді.

Сонымен қатар Түркістан қаласында «PSI Machinery» ЖШС-нің тау-кен металлургия кешеніне арналған ауыр жабдықтар өндіретін зауыт құрылысы жүргізілуде. Созақ ауданында «TAIQONYR QYSHQYL ZAUYTY» ЖШС күкірт қышқылын өндіру зауытын салуда. Сауран ауданында «ORZAX CENTRAL ASIA» ЖШС биологиялық белсенді қоспалар мен дәрумендер шығаратын өндіріс орнын іске асыруда. Ал Кентау қаласында «ККС» ЖШС газтурбиналық электр станциясын салу жобасын жүзеге асырып жатыр. Бәйдібек ауданында «New Clean Energy» ЖШС жел электр станциясының құрылысын қолға алған. Сондай-ақ Сауран ауданында «КазМунайГаз-Аэро» ЖШС JET A-1 маркалы авиаотынды қоса алғанда, жанар-жағармай материалдарын сақтайтын базаның құрылысын жоспарлап отыр. Бұл жобалар өңірдің өнеркәсіптік және энергетикалық әлеуетін арттырып, экономиканы әртараптандыруға мүмкіндік береді.

Күн тәртібінің екінші мәселесі бойынша 2026 жылы іске асырылатын инвестициялық жобалар және 2025 жылғы форум барысында шетелдік инвесторлармен жасалған келісімдердің орындалу барысы қаралды. Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиев пен Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов өз аудандарындағы жобалардың жүзеге асу жоспары жөнінде есеп берді. Облыс басшысы әрбір инвестициялық жобаны тұрақты бақылауда ұстап, инфрақұрылым мәселелерін жедел шешуді және инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды. Жобаларды сүйемелдеу жұмыстары күшейтіліп, нақты мерзімдер мен жауапты тұлғалар айқындалды.

Инвестициялық штаб отырысында айтылған бастамалар мен жобалар өңірде жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндіріс көлемін ұлғайтуға және Түркістан облысы экономикасының тұрақты дамуына серпін береді.

Айта кетейік, былтыр өңір экономикасына 1,7 трлн теңге инвестиция тартылып, өсім 121,6 пайызды құрады. Оның ішінде 1,1 трлн теңгесі – жеке инвестиция. 2025 жылдың ІІІ тоқсанында тікелей шетелдік инвестиция 1,4 млрд АҚШ долларын құрап, жоспар 3 есе артық орындалды (жоспар 475 млн $). Экономиканы әртараптандыру мақсатында өткен жылы 340 млрд. теңгеге 58 инвестициялық жоба іске қосылып, 8 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды