Түркістан облысының прокуратурасы мен Кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен «Бизнес және инвестицияны қорғау» атты форум өтті. Форумға Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков, Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиев, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев, Түркістан облыстық Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов, құқық қорғау және бақылаушы мемлекеттік органдардың, облыстық басқармалардың 40-тан астам мекеме өкілдері және 100-ге жуық кәсіпкерлер мен инвесторлар қатысты.
Шараның мақсаты – кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, өңірдегі бизнеске кедергі келтіретін жүйелі мәселелерді анықтап, уәкілетті органдармен бірлесіп шешу жолдарын табу.
– Бүгін өтіп жатқан «Бизнесті және инвестицияны қорғау» форумы – кәсіпкерлік саласындағы реформаларды түсіндіру мен бизнес мәселелерін талқылауға арналған маңызды алаң. Мемлекет басшысы әділ және бәсекелі экономика құру, инфрақұрылымды дамыту, инвестиция тарту мен бизнесті қолдауды басты міндет етіп қойды. Осы бағытта біз де Өңірлік кеңес аясында 2023–2024 жылдары 58 мәселенің жартысына жуығын шешуге ықпал еттік, қалғанын бақылауға алдық. Биыл жеке қабылдау форматында аудандарды аралап, кәсіпкерлердің инфрақұрылым, құжат айналымы, қысым көрсетуге қатысты мәселелерін тыңдадық. Бұл сұрақтардың бәрі бақылауда. Президент атап өткендей, жазалау емес, қолдау арқылы бизнесті дамыту – басты мақсат. Біз алдағы уақытта да барлық аудандарға барып, кәсіпкерлердің мәселелерін жеке қарап, шешу жолында жұмыс істей береміз деп сенемін, – деп атап өтті, облыстық мәслихаттың төрағасы, Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Нұралы Әлмаханұлы.
Айта кетейік, Түркістан облысының прокуратурасы 2025 жылы «Инвест-Караван 2025» іс-шарасы акция шеңберінде 3 көшпелі кездесу өткізіліп, 26 инвестормен тікелей сұхбат жүргізілді. Сондай-ақ 6 инвесторға қатысты заңсыз шешімдер қабылданғанын анықтап, оларға қатысты тіркелген әкімшілік істердің күштері жойылды, 4 инвесторға қатысты уәкілетті органдардың негізсіз тексерулері тоқтатылды. Нәтижесінде ағымдағы жылдың 5 айында 216 жеке кәсіпкердің және 6 инвестордың құқықтары қорғалып, жалпы сомасы 79,7 млрд.теңгені құрайтын 7 инвестициялық жоба бойынша кейстер шешілді.
Ал, 2024–2025 жылдың 5 айында Кәсіпкерлік палатасына 262 өтініш түсіп, 4,7 млрд.теңгеге кәсіпкерлердің мүліктік құқықтары қорғалды. Сотта 57 іске қатысып, 26-сы кәсіпкер пайдасына шешілді. Кеңесте қаралған 34 мәселе бойынша 191 ұсыныстың 78%-ы орындалды. «Бизнеске жол» жобасы аясында 30 отырыста 55 мәселе талқыланып, 19-ы оң шешімін тапқан.
Форум қорытындысы бойынша кәсіпкерлер көтерген мәселелер бақылауға алынып, әрбір мәселе бойынша нақты уәкілетті орган жауапты болып бекітілді.
Бұл бастама кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасауға және мемлекеттік органдар мен бизнес арасындағы сенімді арттыруға бағытталған.