БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ ӨНІМДЕР ШЫҒАРУ ЖЕЛІСІН ЖОЛҒА ҚОЙМАҚ

«AMANAT» партиясы ауылды өркендетудің басты тетіктерінің бірі ретінде өнімдерді терең өңдеу саласын күшейтуге айрықша мән беріп отыр. Осы санаттағы жұмыстың бірі ретінде партияның Сайлауалды бағдарламасын Түркістан облысында іске асыру жөніндегі Жол картасына жүгеріні терең өңдеу кәсіпорнын іске қосу жоспарланған. Түркістан облысына жасаған жұмыс сапары аясында  ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков қуаттылығы жылына 150 мың тонна жүгеріні терең өңдейтін «Казкрахмал» ЖШС-нің өндірістік кешені 2026 жылы іске қосылатынын айтты. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Қазіргі таңда бұл өндіріс орны шикізатты қабылдау, кептіру және сақтау кешендерін іске қосты. Толық өндірістік қуатына шыққанда зауытта 500 адам жұмыс істейтін болады және қалдықсыз өңдеу технологиясы қолданылмақ. Кәсіпорында крахмал, сірне, тағамдық глюкоза, мальтоза сиропы, жүгері майы, глютен, кебек және түйіршіктелген құрамажемді қоса алғанда 20-дан астам өнім түрін шығару жоспарланған. Өндірісте генетикалық түрлендірілмеген жүгері ғана пайдаланылатын болады.

Жобаны іске асыруға тартылған жалпы инвестицияның көлемі 35 миллиард теңгені құрайды. Кәсіпорынның өнімдері ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, Азия мен Еуропа елдеріне де жеткізілмек. Бірегей кәсіпорын Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттырып, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті өнімдер шығару желісін жолға қоймақ.

Атап өтуіміз керек, еліміздегі ауыл шаруашылығы жалпы өнім көлемінің 13 пайызы Түркістан облысының үлесіне тиесілі. Биылғы он айда өңіріміздің ауыл шаруашылығы саласында 1 триллион 86 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Сонымен қатар, биыл ауыл шаруашылығы дақылдары өткен жылдан 34 мың гектарға ұлғайып, 907 мың гектарға орналастырылған. Егіс құрылымына сәйкес, дәнді дақылдар көлемі 9 мың гектарға артып 342 мың гектарға, майлы дақылдар 2,4 мың гектарға артып 73 мың гектарға, мақта 38 мың гектарға артып 144,5 мың гектарға орналастырылған. Республика бойынша өндірілген мақтаның – 100 пайызы, жүзімнің – 82 пайызы, бақша өнімдерінің – 75 пайызы, жеміс-жидектің – 40 пайызы, көкөністің – 30 пайызы және жүгерінің – 27 пайызы Түркістан облысының еншісінде.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды