7 қазан – әлем бойынша Дүниежүзілік мақта күні ретінде атап өтіледі. Түркістан облысындағы шаруалар үшін мақта – күнделікті тіршіліктің өзегі, ауыл өмірінің ырғақ-белгісі болған дақыл түрі. Әр талшығында маңдай тердің табы бар бұл өнім – ел экономикасына зор үлес қосып келеді. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Жер-ананың жомарт сыйы мен адам еңбегінің бірлігін паш ететін, маңдай тер мен табанды еңбектің қадірін ұлықтайтын ерекше мереке бүгін Отырар ауданы, Қарақоңыр ауылдық округіндегі «Түркістан мақта агроөренкәсіп кешені» ЖШС базасында ұйымдастырылып, өткізілді. «AQ-DALA» мақташылар фестиваліне Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, облыстық мәслихаттың төрағасы Нұралы Әбішов, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, салалық басқарма басшылары мен мақта шаруашылығына бейімделген аудан басшылары, селекционер ғалымдар, агрономдар, мақта агроөнеркәсіп кешенін дамытуға үлес қосып жатқан инвесторлар, кәсіпкерлер, мақта өңдеу зауыттарының жетекшілері, озат мақта шаруашылықтардың өкілдері, ауыл еңбеккерлері қатысты.
Фестиваль мақта шаруашылығының өңірдегі даму тарихын паш етіп, жетістіктері мен жаңалықтарын дәріптеді. Іс-шара барысында жаңа аграрлық технологиялардың мүмкіндіктері таныстырылды, Жұмысшы мамандықтары жылы аясында еңбегімен елге танылған, адал маңдай терімен абырой жинаған шаруалар құрметке бөленіп, үздік мақта шаруашылықтарының жұмысы көпке үлгі ретінде аталды.
Фестивальдің ашылу салтанатында сөз алған облыс басшысы Нұралхан Оралбайұлы мақта өңіріміздің басты дақылы екенін айтты. Тоқыма өнеркәсібінің негізгі шикізаты ғана емес, мыңдаған отбасылардың тұрмысын түзеп, ауылдың әлеуетін көтеріп отырған берекелі өнім екенін білдірді.
— Біз мақтаны тек шикізат күйінде ғана емес, дайын өнімге айналдырып, өзіміздің тоқыма өнеркәсібімізді дамыту бағытында жұмыс жасаудамыз. Осы бағытта, өңірімізде 5 мақта-тоқыма кластерін құру жұмыстары жүргізілуде. Жобалардың өңдеу қуаттылығы жылына 193 мың тоннаны құрайды. Нәтижесінде, 7 мыңнан астам жұмыс орындары ашылады. Бүгін мақта тоқыма кластері бойынша алғашқы жобаның нақты жүзеге асырылуының куәсі болып отырмыз. Инвестициялық жобаның негізінде, Отырар ауданы мен Арыс қаласында 32 мың гектарға жаңа технологиямен мақта дақылы егілді. Жобаның негізгі мақсаты су үнемдеу технологиясын енгізу нәтижесінде тұтынылатын су көлемін 50% пайызға үнемдеу арқылы өнімділікті 2-3 есеге арттыру. Қазіргі жаһандық су тапшылығы жағдайында бұл өте маңызды әрі дұрыс шешім, — деді өңір басшысы.
Атап өтуіміз қажет, ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру міндеті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың биылғы 8 қыркүйекте жариялаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауының маңызды бағыты болып табылады. Бұл бағытта агроөнеркәсіптің орасан зор әлеуетін толық ашуда озық агроэкономикаға көшудің жоспары қабылданатын болады. Үздік агрокәсіпорындар ауыл шаруашылығы өнімін шығарудан бастап оны терең өңдеуге дейін тұтас өндірісті толығымен жолға қойғандығы айтылып, осындай агрохолдингтердің тәжірибесін тарату үшін барынша жағдай жасау міндеттелді.
Түркістан облысында «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешен» осы мазмұндағы негізгі агрокәсіпорын саналады. Мұнда мақтаны терең өңдеп, дайын өнімді экспортқа шығаратын көпсалалы холдингтің негізі қаланған. Қытайлық инвесторлардың қатысуымен жүзеге асып жатқан бұл жоба мақта шаруашылығын мүлде жаңа деңгейге шығарған бастама болып табылады. Толық циклді өндіріс орны мақтаның элиталық сұрыптарын баптап-өсіріп, мақта талшығын терең өңдейтін, жіп иіретін, мата шығаратын, бояп, өңдейтін цехтарды біріктіріп, мақта-тоқыма кластерінің біртұтас жүйесін құрайтын болады.
«Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС «Түркістан» ӘКК» АҚ-мен бірлесе 32 мың гектарға жаңа технологиямен мақта өсіру жобасын іске асырып отыр. Мұнда заманауи су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, жоғары стандартты шикізат базасын қалыптастыру қолға алынды. Кешенде соңғы үлгідегі мақта өңдеу зауыттары, тамшылатып суару тоспаларын шығаратын өндіріс орны, және басқа да инфрақұрылымдық нысандар салынуда. Кәсіпорында сондай-ақ әкімшілік ғимарат, шаруашылық базасы, сорғы станциялары жұмыс жүргізетін болады. Жоба аясында қуаттылығы жылына 160 мың тонналық заманауи мақта өңдеу зауытын іске қосу, сондай-ақ 6 мың тонна мақта тұқымын шығаратын өндірістік желісін құру көзделген. Оның ішінде, биыл 2 зауыт іске қосылса, келесі жылы тағы 2 зауытты ашу жоспарланып отыр. Фестивальге қатысушылар мақта алқабына түсіп, ақ алтынды теру науқанына қатысты.
Биыл Түркістан облысының шаруалары 144,5 мың гектарға мақта дақылын екті. Дихандарымыз жалпы 470 мың тонна шитті мақта жинайды деген жоспар бар. Өнімділікті арттыруда жаңа шетелдік озық технологияларды енгізуге басымдық беріліп отыр. Өткен жылы мақтаның дәстүрлі егіс көлемі 105,2 мың гектар болып, озық технология әдісі қолданылған егістің көлемі небәрі 1,2 мың гектарға жеткен болатын. Биыл озық технологиялы егісі әдісі 50 мың гектарға дейін ұлғайды. Қазіргі таңда Түркістан облысы бойынша 25 мақта зауыты, 175 мақта қабылдау бекеті мақта баптаған шаруаларға қызмет көрсетеді.
Елдегі ең ірі саяси ұйым – «AMANAT» партиясы да ауыл еңбеккерлерінің жағдайын жақсартуды басты басымдықтардың бірі ретінде қарастырады. Біз үшін басты мақсат – ауылдың әлеуетін арттыру, еңбек адамының мәртебесін көтеру. Партияның бастамасымен «Ауыл аманаты», «Жер аманаты» жобалары сәтті іске асырылуда. Ауылда кооперацияны дамыту және өнімділік сапасын арттыру бағыттарындағы жұмыстарды салалық мемлекеттік органдармен және аудан әкімдіктерімен бірлесе үйлестіріп, іске асырып келеміз.
Партия мүшелері мен депутаттар мақта шаруашылығымен айналысатын аумақтарда тұрақты түрде кездесулер өткізіп, шаруалардың ұсыныс-пікірлерін партиялық мінберлерден көтеруде, салалық мемлекеттік органдардың назарына жеткізіп келеді. Депутаттық топтар мақта қабылдау бекеттері мен мақта өңдеу зауыттарына зерделеу жүргізіп, нақты мәселелерді анықтады. Бұл талдау нәтижелері тиісті мемлекеттік органдарға жолданып, оларды шешуге атқарушы органдардың әлеуетін жұмылдыруда.
Ұлт дәулетінің өлшемі, шаруа еңбегінің бөлшегі болған – Мақта күні құтты болсын! Бұл мереке еңбек адамына деген құрметті білдіріп, ауыл тіршілігінің қадірін айшықтайтын күн. Ақ алтын елдің берекесін тасытып, ырысымызды арттыра берсін! Ел қазынасын толтырған барлық шаруаларға алғысымызды айтып, еңбектеріңіз табысты болсын дейміз!