ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ОНЛАЙН-САТЫП АЛУҒА 3,2 ТРИЛЛИОН ЖҰМСАҒАН

Қазақстандықтар онлайн-сатып алуға көбірек ақша жұмсай бастады. 2024 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша азаматтар 3,2 трлн теңге жұмсады. Мұндай деректерді электрондық сауданы дамыту мәселесі қаралған Үкімет отырысында сауда және интеграция министрі Арман Шакқалиев келтірді, деп хабарлайды Primeminister.kz.

Атап айтқанда, ведомство басшысы 2020 жылдан бастап еліміздегі электрондық сауда көлемі бес есеге ұлғайғанын хабарлады. Алайда, бұл әлі де әлемдік орташа деңгейден төмен. Десе де, жастар санының көптігін, финтехтің дамуын, интернеттің қолжетімділігін және қолма-қол ақшасыз есеп айырысудың кең таралуын ескере келгенде, Қазақстанда интернет-сауданы дамытудың жоғары әлеуеті бар.

2029 жылға қарай электрондық сауда көрсеткішін үш есеге ұлғайту және оны 9,3 трлн теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл саланы ілгерілету үшін Үкімет онлайн-коммерцияны дамыту жоспарын қабылдады. Ол электрондық сауда мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіруді, еліміздің барлық өңірлерінде электрондық сауданы оқыту курстарын іске қосуды, кәсіпкерлер үшін электрондық саудада мемлекеттік қолдаудың қаржылық шараларын енгізуді көздейді.

Сонымен қатар Сауда және интеграция министрлігінің басшылығы шетелдік онлайн-дүкендердың қызметін қайта қарау бастамасын көтерді.

Атап айтқанда, ведомство басшысы Арман Шакқалиев шетелдік маркетплейстерді тіркеу бойынша электрондық платформа енгізуді ұсынады. Бұдан басқа, олар үшін тауарлардың қауіпсіздігі, контрафактіге қарсы күрес, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, жеке деректерді сақтау және қорғау, салықтық және кедендік ашықтық жөніндегі талаптарды сақтау мақсатында міндетті шарттарды енгізу жоспарлануда. Мұндай шараларды қабылдауға сатушылары Қазақстанның юрисдикциясынан тыс орналасқан шетелдік онлайн-сауда алаңдарына азаматтардың шағымдарының көбеюі себеп болды.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды