ҚАЗАҚСТАНДА ПАЙДАЛЫ ҚАЗБАЛАРЫ БАР ЖАҢА УЧАСКЕЛЕР ТАБЫЛДЫ

Қазақстанда ел аумағын геологиялық тұрғыдан зерттеудің ауқымды бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Биыл зерттелген аумақ көлемін 2,2 млн шаршы шақырымға дейін ұлғайту жоспарда бар. Бұл туралы ҚР ӨҚМ Геология комитеті төрағасының м.а. Қанат Ерубаев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.

Оның айтуынша, былтыр жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу нәтижесінде іздеу жұмыстарын жүргізуге арналған 29 әлеуетті алаң анықталды. Алтын, мыс, қорғасын, мырыш және басқа да пайдалы қазбалары бар учаскелер табылды.

–  Бұрын біз ірі масштаб қолданатынбыз — бұл жалпы түсінік беретін. Яғни тәуелсіздік кезеңінде қолданылған 1:200 000 масштабы жер қойнауын жалпылама бағалауға мүмкіндік береді. Ол құрылымды көруге жағдай жасайды, бірақ инвестициялық шешімдер қабылдау үшін жеткілікті деңгейде нақты ақпар бермейді. Бүгінде бұл жеткіліксіз. Қазіргі инвестор Австралия, Канада және басқа елдермен салыстыруға болатын халықаралық деңгейдегі деректерді талап етеді. Біз жаңа деңгейге — метрлік дәлдікпен жүргізілетін егжей-тегжейлі зерттеулерге көшіп жатырмыз. Бұл әлем картасының орнына әр қадамы көрінетін навигатор қолданғанмен бірдей, – деді спикер.

Мұндай масштаб әлеуеті бар учаскелерді ерте кезеңде анықтау ықтималдығын арттырып, түсініксіз жайттарды азайтады және зерттеуден іздеу мен игеруге көшуді жеделдетеді.

Былтыр 100 мың шаршы шақырым аумақта егжей-тегжейлі түсірілім жобалары дайындалды. Учаскелерді іріктеу ғылыми қауымдастықпен, ең алдымен Қ.И. Сәтбаев атындағы Геология ғылымдары институтымен бірлесіп жүргізілді. Жобаларда заманауи зерттеу әдістерін қолданатын кешенді тәсіл қарастырылған: Жерді қашықтықтан зондтау, аэрогеофизика — магниттік және гамма-спектрометриялық түсірілімдер, IONIC leaching әдісімен геохимия, зертханалық талдаулар, бұрғылау, ұңғымаларды геофизикалық зерттеу.

–  Көмірсутектерге ерекше назар аударып отырмыз. Өткен жылы Арал бассейнінде аяқталған жұмыстар геологиялық құрылымды нақтылап, жаңа құрылымдық элементтерді бөліп көрсетуге және көмірсутектердің болжамды қорын бағалауға мүмкіндік берді. Мұнай мен газ қоры бар болуы мүмкін 20-дан астам учаске анықталды, олар бойынша биыл Энергетика министрлігі жер қойнауын пайдалану құқығын беру үшін аукциондар өткізеді. Сонымен қатар биыл аз зерттелген басқа бассейндерде жаңа сейсмикалық барлау жобаларын іске қосамыз, – деп хабарлады Қанат Ерубаев.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды