Түркістан облысында әрбір сала бойынша индикаторлар бекітіліп, жоспарлар жасалған. Бұл жоспардың орындалуы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауына алынған. Оның ішінде ауыл шаруашылығына ерекше назар аударылып отыр. Себебі ол – облыс экономикасының негізгі драйвері. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жүйелі жұмыстар нәтижесінде жыл басынан 487,7 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 100,1%-ды құрады. Бұл көрсеткіш жыл соңына дейін триллион теңгеден асады деп межеленіп отыр. Өндірілген өнім көлемі бойынша облыс республикада жоғарғы көрсеткішке ие. Нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету мақсатында 2025-2027 жылдары 67 инвестициялық жоба іске асырылып (270,1 миллиард теңге), 2 488 жұмыс орны ашылады деп көзделген. Биыл 1 700 жұмыс орнымен 34 жобаны іске асыру жоспарланса, жыл басынан 22 жоба іске қосылып, 935 жұмыс орны құрылды.
2025 жылы ауыл шаруашылығы дақылдары алқабы өткен жылдан 34 мың гектарға ұлғайып, 907 мың гектарға (2024 жылы – 872,5 мың га) егілді. Астықты ору науқаны маусым айынан басталып, бүгінгі күнге 100 пайыз орылды. Бүгінгі күнге 9 мың тонна мақсары, 791 мың тонна көкөніс, 1,1 миллион тонна бақша, 234 мың тонна картоп өнімдері жиналды.
Биыл 5,2 миллион тонна малазықтық дақылдарын жинау жоспарланса, қазір 4,5 миллион тонна азық дайындалды (86%). Жалпы облыста жиын-терім жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. Ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыруда рентабельді дақылдарға басымдық беріліп жатыр.