Сарыағаш ауданында күзгі ауыл шаруашылық өнімдерін жинау науқаны қызу жүріп жатыр. Егіс алқаптарында көкөніс, бақша және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін жинау қарқыны жоғары. Осыған орай, аудан әкімі Арман Абдуллаев Қабланбек ауылдық округіне барып, өнім жинау барысымен танысты. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Аудан басшысы «Сүндет ата» шаруа қожалығының төрағасымен кездесіп, еңбек жағдайын, өнім көлемін, өнім жинау жұмыстарының барысы мен туындаған мәселелерді талқылады. Жергілікті шаруаларға қолдау көрсетілетінін және агроөнеркәсіп саласының аудан экономикасындағы маңызы зор екенін атап өтті.
Сонымен қатар, өнім сапасына оң баға беріп, ауыл еңбеккерлерінің тынымсыз еңбегіне алғысын білдірді. Қабланбек ауылдық округіне қарасты Сіргелі елді мекенінде орналасқан «Сүндет ата» шаруа қожалығының төрағасы Қайрат Миралиевтің айтуынша, өз иелігіндегі жалпы жер көлемі 2,5 гектарды құрайды. Қазіргі таңда алқапта екінші өнім ретінде болгар бұрышы өсіріліп, жинау жұмыстары жүргізілуде.