АУЫЛ ЕҢБЕККЕРЛЕРІ ЗАМАНАУИ ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ МЕҢГЕРГЕН ИННОВАЦИЯЛЫҚ МЕНЕДЖЕРГЕ АЙНАЛУҒА ТИІС

Бүгін Шымкент қаласындағы көрме орталығында «AGRITECH TURKESTAN & GROWTECH SHYMKENT» халықаралық көрмесі жұмысын бастады. «Қазақстанның жылыжайлар қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Қанат Қошманның бастамасымен өтіп жатқан іс-шараға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев, өңіріміздегі және Шымкент қаласындағы агрошаруашылық құрылымдардың өкілдері, жылыжай шаруашылықтарының жетекшілері мен агрономдары, партияның Түркістан облыстық филиалы аумақтық партия филиалдарының жетекшілері, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қызығушылығы бар азаматтар қатысып, агротехнологиялардың үздік аспектілерімен жақыннан танысты. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Көрмеге Түркияның Анталия провинциясынан Сауда-өнеркәсіп палатасының өкілдері келіп, Қазақстан мен Түркия арасындағы ауыл шаруашылығы саласындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері қаралады. Отандық аграрлық құрылымдар түркиялық іскерлік орта өкілдерімен кездесулер өткізіп, бірлескен жобаларды іске асырудың мүмкіндіктерін қарастыруда.

Көрмеде жылыжай, бау-бақша, гүл, бақша дақылдары мен егістік технологиялары, агротехнологиялар мен жабдықтар, суару жүйелері, тұқым және көшет шаруашылығы, сондай-ақ өсімдіктерді қоректендіру және қорғау саласындағы соңғы технологиялық жетістіктер таныстырылады.

Түркістан облысы үшін ауыл шаруашылығы негізгі сала, еліміздегі жылыжай шаруашылықтарының басым бөлігі біздің өңірге тиесілі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, еліміздегі мемлекеттік саясат ауыл шаруашылығын бәсекеге қабілетті озық сала ретінде дамытуға бағытталған. Бүгінгі халықаралық көрме – ауыл шаруашылығы саласындағы жаңалықтар мен озық тәжірибелердің тоғысқан маңызды алаңы. Бұл басқосу – еңбек адамын дәріптейтін, жаңа технологияны насихаттайтын және ауылдың болашағын айқындайтын ерекше шара.

«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы өз Жол картасында ауыл шаруашылығын дамытуды көздейтін 17 индикаторлық көрсеткіштерді белгілеп, бес жылға арналған жоспарымыздың ең негізгі бөлігі ретінде қарастырады. Ауыл шаруашылығында жаңа технологияларды енгізу, еңбек өнімділігін арттыру, жаңа өңдеу кәсіпорындарын ашу сияқты маңызды басымдықтарымыз бар. Сондай-ақ «Ауыл аманаты», «Жер аманаты» жобаларын белгілеп, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің кооперациясын құру, минералдық тыңайтқыштармен қамту, су үнемдеу технологияларына көшу мәселелері ерекше бақылауымызға алынған.

Көрме аясында «Шаруа-2025» семинары жұмысын бастап, онда агроинновациялар мен жылыжай шаруашылықтарын дамыту мәселелері кеңінен талқыланды. Сарапшылар мен тәжірибелі агромамандардың пікірінше, климаттың өзгеруі мен су тапшылығы жағдайында жабық топырақтағы егін шаруашылығы – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды тетігіне айналмақ. Қазіргі заманғы жылыжай кешендері автоматтандырылған суару, температура мен ылғалдықты реттейтін смарт-жүйелер, ұтымды экологиялық шешімдер ұсынатыны айтылды. Бұл технологиялық шешімдер өнім сапасын арттырып қана қоймай, еңбек шығынын азайтып, суды үнемді пайдалануға мүмкіндік бермек.

Семинар барысында агроқұрылымдар өкілдеріне энергия үнемдеу, тамшылатып суару, органикалық тыңайтқыштарды қолдану, техникалар мен технологиялық шешімдер туралы нақты ұсыныстар берілді. Мұндай тәжірибе алмасу алаңдары ауыл кәсіпкерлерінің бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді деген сенімдеміз. Қазіргі заманғы ауыл еңбеккерлері тек жер өңдеуші ғана емес, заманауи технологияларды меңгерген инновациялық менеджерге айналуға тиіс деген ұстанымды партиялық әлеует арқылы ілгерілетуге басымдық береміз. Жылыжай шаруашылықтарының өзекті мәселесі саналатын қатты отынмен қамту, логистика мәселелері, оларды жеткілікті деңгейде қуат көздерімен қамту сұраныстарын шешу мәселесін «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы жіті бақылауында ұстайды және салалық мемлекеттік органдармен бірлесе қарастырады.

Көрме жұмысы аясында оған қатысушылар өсімдіктерді өсіру технологияларымен танысты, жылыжайға қажетті жабдықтардың үздік технологиялық шешімдерін көрді, екпелер мен көшеттердің элиталық сұрыптарын, оларды қоректендіру мен қорғау әдістерін меңгерді. Көгалдандыруға және питомниктерге арналған өнімдерді, бау-бақша құралдары мен ауылшаруашылық жабдықтарын, суландыру, мелиорация және суару технологияларын көрді. Гүл бизнесі және логистиканы жолға қою, ландшафты дизайн мәселелері, жеміс ағаштары мен бұталарды күтіп ұстау жөнінде мамандардан кеңес алды.

Атап өтуіміз керек, биылғы 7 айда Түркістан облысының агроөнеркәсіптік кешенінде жалпы өнім көлемінің өсімі 103,9 пайызды көрсетіп, 346,1 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Республика өңірлері бойынша көш бастап, елдің жалпы өнімдегі үлесінің 14 пайызын құрады.

Биыл егілген ауыл шаруашылығы дақылдары өткен жылдан 34 мың гектарға ұлғайып, 907 мың гектарға орналастырылды. Ағымдағы жылы дәнді дақылдардан 726 мың тонна, майлы дақылдардан 48 мың тонна өнім алынады деп жоспарланса, мақта 470 мың тонна, көкөніс, картоп өнімдері 1,5 млн. тонна, бақша өнімдері 1,7 млн. тонна жиналады деген болжам бар.

Партияның Түркістан облыстық филиалы аграрлық саладағы әрбір жаңалық ауылдың болашағына салынған инвестиция деп біледі. Жасампаз еңбек пен жаңа технологияның үйлесімді болуына барлық мүмкіндіктерді қарастыратын болады.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды