«AMANAT» партиясы өткізген ауыл әкімдерінің диалог-платформасында Мемлекет басшысы ауыл – төл өркениетіміздің алтын қазығы деп байыптады. Мемлекет бұл мәселеге ерекше жауапкершілікпен қарайтынын айтты. Бұл бағытта елімізде ауылдық аумақтарды дамыту, тұрғындардың табысын арттыру және жергілікті экономиканы әртараптандыруда жүйелі шаралар атқарылып келеді. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Сол бастамалардың ішіндегі ең маңыздысы әрі халыққа нақты нәтижесін көрсеткені – «Ауыл аманаты» жобасы. Бұл жоба «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасында айқындалған міндеттерді іске асырудың пәрменді құралы ретінде қалыптасып отыр.
Партия бастамасы Мемлекет басшысының қолдауымен мемлекеттік бағдарламаға айналып, оның аясында тұрғындарға 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие беріле бастады. Бұл ауылдағы кәсіпкерлікті бастауға немесе кеңейтуге нақты жағдай жасады. «Ауыл аманаты» бағдарламасының игілігін көрген ауыл тұрғындарының бірі – Ордабасы ауданы, Ұялыжар ауылының тұрғыны Фарида Есболова.
Жеке кәсіпкер мемлекет қарастырған мүмкіндікті пайдалана отырып, жылқы шаруашылығын дамытуды мақсат етіп қояды. Жылқы баптауға кететін шығынның көлемін белгілеп, есеп-қисабын жүргізген Фарида Есболова, отбасылық табыстың кепілі болатын бастамаға бар күш-жігерін арнап, бизнес жоспарын түзіп шығады. Нәтижесінде, 2023 жылы кәсіпкер ұсынған жоба қолдау тауып, оны іске асыруға 7,2 млн. теңге көлемінде несие беріледі.
Жеңілдетілген несиеге қол жеткізген ауыл кәсіпкері іргесі берік шаруашылық қожалығын құрады. Күтімге алған жылқы басын көбейтуге, мемлекет берген мүмкіндіктің тиімділігін арттыруға бар ынта-шынтасымен кіріседі. Өзіне үміт артқан отбасы алдындағы жауапкершіліктің жүгін сезінген Фарида Есболова, баптауға алған жылқы санын бүгінде 12 басқа жеткізіп отыр. 11 аналық жылқы мен құлынға уақтылы жем-шөбін беріп отырған кәсіпкер қымыз өндірісін де ақырындап жолға қойып келеді.
Бүгінгі таңда шаруа қожалығының жылдық табысы 1,5 млн. теңгені құрайды, мал басын көбейту есебінен табыс көлемін еселей түсу жоспарымда бар дейді кәсіпкер. Мал басын асырауға жем-шөп қоры жеткілікті, қыстан қысылмай шығамыз деген үміті бар екенін айтты.
Партиямыз үшін «Ауыл аманаты» жобасы – ауылға деген құрметтің, халқымыздың тірек болар түп қазығына деген жауапкершіліктің айқын көрінісі. Бүгінде бұл жоба жүздеген ауылда жүзеге асып, мыңдаған отбасының табысын еселеді. Сол себепті «AMANAT» партиясы ауылдағы әр бастаманың жанынан табылып, жобаның одан әрі іске асуын стратегиялық мақсат ретінде қарастырады.

