“AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдан бастап ауыл тұрғындарының табысын арттырудың ауқымды бағдарламасы ретінде қолға алынғаны белгілі. Экономикалық құрылымы мен тұрғындарының тұрмыс-тіршілігі ауыл шаруашылығына бейімделген Түркістан облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл экономикасын дамытуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға және ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға серпінді үлесін қосып келеді. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Атап өтуіміз қажет, 2023-2025 жылдар аралығындағы кезеңде аталған жобаны өңірімізде іске асыру үшін республикалық бюджеттен жалпы 30,2 млрд. теңге бөлінді. Оның ішінде 2023 жылы – 19,8 млрд. теңге қаралып, игерілсе, 2024 жылы – 3 млрд. теңге бөлініп, ауылдық жерлерде іске асатын жобалар қаржыландырылды. 2025 жылы осы мақсатқа 7,4 млрд. теңге бағытталып, бүгінгі таңда оның 3,5 млрд. теңгесі игерілді, барлығы 401 жоба қаржыландырылды. Қаражат 3 транш бойынша бөлініп, қалған 3,9 млрд. теңгесі 2026 жылдың наурыз айының соңына дейін аудан әкімдіктерінің нақты ұсыныстары мен скрининг нәтижесіне сәйкес толық игерілетін болады.
«Ауыл аманаты» бағдарламасының іске асырылу барысы облыс әкімдігінде өткен мәжілісте арнайы қаралып, талқыланды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жобаны орындауда нақты нәтиже мен сапаға мән беру керектігін айтып, жауаптыларға тиісті тапсырмалар берді.
— 2026 жылы «Ауыл аманаты» арқылы 15,3 млрд. теңге қаражат тарту жоспарлануда. Бұл жақсы көрсеткіш, дегенмен 1 115 жаңа жоба бойынша 1400 ғана жұмыс орнын ашуды аз деп санаймын. Қаржыны алып, жоба бастаған кәсіпкерлер тұрақты жаңа жұмыс орындарын ашулары қажет. Осы бағытта жұмыстарды жандандырып, нәтижесін баяндауды тапсырамын. Биыл бөлінген қаржы бағытталатын ауылдық округтер мен кооперативтер тізімі мен жоспарын бекітуді шұғыл қолға алып, 1 наурызға дейін аяқтаңыздар. Жоба бойынша бөлінген қаржы уақтылы әрі сапалы игеріліп, халықтың жағдайын жақсартуға тікелей әсер етуі тиіс. Жауапты басқармалар, «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен аудан, қала әкімдіктері жұмысты ширатуы қажет, — деді Нұралхан Оралбайұлы.
Жиын барысында бағдарламаның атқарылуы бойынша аудан, қала әкімдерінің есептері тыңдалды. Бағдарлама аясында ұсынылған жобаларды қаржыландыруға жауапты ұйым болып бекітілген «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасы Бекжан Бисенбаевтың айтуынша, 6 бағыт бойынша 3902 жобаға жалпы 26,3 млрд. теңге несие берілген. Нәтижесінде облыста шағын кәсіпкерлік 3902 бірлікке артса, 25 гектар аумақта 513 жылыжай кешені салынған, мал басы 74 109-ға көбейген. Сонымен бірге 39 қайта өңдеу кәсіпорны іске қосылып, 4 190 жаңа жұмыс орындары ашылған. Жұмыс орындарының ашылуына байланысты атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 441 адамға қысқарған. «Ауыл аманаты» бағдарламасымен ашылған жобалар арқылы жыл сайын шамамен 30 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп жатқаны айылды.
Бағдарлама аясында қайтарылған қаржы көлемі 4,8 млрд. теңгеге жетсе, оның 4,6 млрд. теңгесі қайта айналымға жіберілген. Бұл қаражат есебінен 579 жаңа жоба қаржыландырылып, 600 жаңа жұмыс орындары ашылған.
Сондай-ақ жиында жеке қосалқы шаруашылықтарды біріктіріп, кооперативтер құруға ерекше назар аударылғаны мәлімделді. Бұл бағытта үш жыл ішінде 103 кооперативке 2,5 млрд. теңге несие берілген. Соның арқасында өңірімізде өнім өндіруден бастап, оны өңдеу және нарыққа өткізуге дейінгі толық өндірістік циклды қамтитын табысты кооперативтер қалыптасқан. Осы санаттағы кәсіпорындардың қатарында «Майтөбе сүт» кооперативі сүт жинау және қайта өңдеу желісін іске қосып, экологиялық таза өнімдерін әлеуметтік мекемелерге жеткізуді қолға алған. Ал «Аят-Агро.Сом» кооперативі жеміс-көкөніс өңдеу цехын кеңейтіп, алынған өнімдерді экспорттауды жолға қойған. Ордабасы ауданының Шұбарсу ауылында 27 жылыжай кешендері іске қосылып, жылына 580 тонна өнім алып отыр.
Жұмыс жиынында 2026-2028 жылдар аралығындағы кезеңде «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 68,7 млрд. теңге тарту жоспарланғаны жария етілді. Оның ішінде 2026 жылы республикалық бюджеттен 15,3 млрд. теңге қаражат тарту көзделген. Бұл қаржы есебінен 1 115 жобаға қолдау көрсетіліп, 1 400 жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланған. «Ауыл аманаты» бағдарламасының өңірімізде орындалуы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының тұрақты назарында болып, жобаны іске асыруға қатысты өзекті мәселелерді партияның диалог алаңында қарастыру жұмыстары жалғасын табады.

