«AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасында айқындалған сапалы жұмыс орындарын құру, кәсіпкерлікті қолдау және өңірдің экономикалық әлеуетін арттыру міндеттері Түркістан қаласында нақты нәтижелермен бекіп келеді. Облыс орталығында соңғы жылдары қалыптасқан инвестициялық серпін өңір экономикасының жаңа сапалық деңгейге көтерілгенін айқын көрсетеді. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Жүйелі жоспарлау мен тиімді мемлекеттік саясаттың арқасында 2025 жылы Түркістан қаласының экономикасына 410,7 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылды. Мұндай ауқымды қаржы өндіріс пен индустрияны дамытуға серпін беріп, қаланың экономикалық құрылымын нығайтуға мүмкіндік ашты. Инвестициялардың басым бөлігі жаңа өндіріс орындарын ашуға, кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға және тұрақты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге бағытталды.
Инвестиция тартуда маңызды рөл атқарып отырған арнайы экономикалық аймақтың әлеуеті ерекше. Жалпы аумағы 290 гектарды құрайтын аймақта жалпы құны 147,5 млрд. теңге болатын 12 инвестициялық жоба жоспарланған. Бұл жобалар толық іске асқанда 4 356 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Қазірдің өзінде мұнда бірнеше жаңа буын кәсіпорындары жұмысын бастап, өндіріс, құрылыс және тоқыма салаларында жергілікті кадрларды жұмыспен қамтып отыр. Қалған жобалардың құрылыс-монтаждау кезеңінде болуы алдағы уақытта экономикалық белсенділіктің одан әрі артатынын аңғартады.
Кәсіпкерлікке қолайлы орта қалыптастыру бағыты индустриялық аймақтың дамуынан да көрініс табуда. Аумағы 63,8 гектарды қамтитын индустриялық аймақта жалпы құны 19,8 млрд. теңге болатын 31 жоба орналастырылған. Оның ішінде 22 жоба іске қосылып, қалған 9 жоба бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл бастамалар қосымша 284 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беріп, шағын және орта бизнестің кеңеюіне жол ашады.
Сонымен бірге, алдағы кезеңге арналған жобалар да облыс және қала басшылығының жүйелі назарына алынған. Жүргізілген келіссөздер нәтижесінде 76 млрд. теңге инвестиция тарту арқылы 4 445 жұмыс орнын құруды көздейтін 12 жаңа жоба жоспарланып отыр. Қазіргі таңда бір жоба іске қосылып, алтауының құрылысы басталған. Қалған жобалар бойынша инвесторлармен жұмыс тұрақты жалғасады.
Түркістан қаласында тартылған инвестициялар мен жүзеге асырылып жатқан жобалар партияның Сайлауалды бағдарламасында белгіленген басымдықтардың нақты істер арқылы орындалып жатқанын көрсетеді. Экономиканы дамыту, кәсіпкерлікті қолдау және халықты тұрақты, сапалы жұмыспен қамту – өңір дамуының басты бағыты ретінде қарастырылып, аманаттық өкілдердің жүйелі бақылауына алынған.

