«ДАРБАЗА – МАҚТААРАЛ» ТЕМІР ЖОЛЫ КЕЛЕСІ ЖЫЛЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында салынып жатқан «Дарбаза–Мақтаарал» темір жол желісі ауданның дамуына жаңа тыныс сыйлайтын ерекше жоба болып табылады. Ұзындығы 152 шақырымды құрайтын темір жол құрылысының жалпы құны – 286 миллиард теңге. Жоба 2026 жылдың соңында аяқталмақ. Жылына қосымша 10-14 миллион тонна жүк өткізу жоспарланып, болашақта бұл көрсеткіш 20-25 миллион тоннаға дейін артады. Бұйыртса, жоба «Сарыағаш – Ташкент» бағытының жүктемесін азайтып, Ауғанстан, Иран, Тәжікстан және Өзбекстанға бағытталған жүк тасымалының жаңа дәлізін ашатын болады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылшаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында сөйлеген сөзінде:

«Ауыл шаруашылығының экспорттық әлеуетін күшейту қажет. Мұнда көлік-логистика мүмкіндіктерінің шектеулі болуы кедергі келтіреді. Мысалы, еліміздегі логистика мен сақтау жүйелерінің жеткілікті болмауынан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер зор шығынға ұшырап отыр. Сондықтан сақтау инфрақұрылымын, соның ішінде элеваторлар, көкөніс және жеміс-жидек сақтау қоймаларын дамыту маңызды бағыт болуға тиіс.

Сыйымдылығы 700 мың тонна болатын қоймалар салу мен жаңғыртудың кешенді жоспары қабылданды. Бұл жұмысты ұдайы бақылауда ұстау керек. Біз дәстүрлі өткізу нарықтарын сақтап қана қоймай, түрлі елдердің талаптарына бейімделген икемді жеткізу жүйесін құра отырып, экспортты әртараптандырғанымыз жөн.

Өзбекстан, Әзербайжан, Түрікменстан, Қырғызстан және Ауғанстанға жоспарлы түрде астық тасымалдау жұмысы басталды. Иран нарығына кіруге рұқсат алып, 250 мың тонна арпа жөнелттік. Сондай-ақ Қытайға, Еуропа Одағы елдеріне және Солтүстік Африкаға астық жеткізіледі. Теңізбен тасымалдауды арттыру үшін Құрық портында жаңа астық терминалы іске қосылды. Жаңа нарықтардың азық-түлікке сұраныс көлемі ұлғайып келе жатқанын ескерсек, Солтүстік – Оңтүстік және Транскаспий бағыты сияқты халықаралық дәліздердің рөлі арта түседі.

Қазақстанды Еуразияның негізгі көлік-логистикалық орталығы ретінде құру жөніндегі стратегиялық міндет – менің кейінгі жылдардағы халықаралық деңгейде жүргізіп жатқан келіссөздерімнің басты тақырыбына айналды. Бұл мәселеде аталған дәліздерге ыңғайлы жол табу және ішкі логистиканы жақсарту өте маңызды. Сондықтан алдағы алты жылда (2030 жылға дейін) біз теміржол желісін ауқымды түрде жаңғыртуды көздеп отырмыз. Он бір мың шақырым темір жолды жөндеп, бес мың шақырымнан астам жаңа темір жол салу жоспарлануда.

Қазірдің өзінде «Дарбаза – Мақтаарал», «Достық – Мойынты», «Бақты – Аягөз» және «Алматы қаласының айналма жолы» сияқты ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл Орталық Азия мен Қытай бағытындағы жүк тасымалының артуына жол ашады», — деп атап өткен болатын.

Ауданның логистикалық әлеуетін арттыратын тағы бір жоба – М-39 «Ташкент – Термез» дәлізінің 24,1 шақырым жолына орташа жөндеу жұмыстарының басталуы. Келесі жылы пайдалануға берілетін бұл көлік дәлізі «Целинный» және «Сырдария» шекара өткізу бекеттерінің мүмкіндігін кеңейтіп, жүк көлігі мен жолаушылар транзитін еселеп арттырады.

Мақтааралдағы әрбір жаңа жоба ел Президенті атап өткендей, «Әділетті Қазақстанды құрудың, халықтың әл-ауқатын арттырудың нақты қадамы». Суармалы егіншіліктің өркендеуі, теміржол мен автомобиль дәліздерінің дамуы, шекаралық сауданың жандануы ауданның ғана емес, облыстың да экономикалық келешегін айқындай түседі.

Айта кетейік, «Дарбаза – Мақтаарал» темір жолы келесі жылы пайдалануға беріледі. Түркістан облысында салынып жатқан ұзындығы 152 шақырымдық жаңа темір жол бес аудан арқылы өтіп, Өзбекстанға жалғасады. Бұл жоба Каспий арқылы әрі қарай шетелге жүк тасымалдауға мүмкіндік береді.

Қазір 37 көпірдің 26-сы салынып жатыр. Сондай-ақ темір жол бойында 3 станция мен 2 разъезд бой көтереді. Сырдария өзенінен 500 метрлік үлкен көпір тұрғызылуда.

Құрылысқа 350 техника мен 800-ге жуық адам тартылған. Жоба 2026 жылдың желтоқсанында толық аяқталады деп жоспарланған.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды