ТҮТІНСІЗ БОЛАШАҚ – ҰЛТ САУЛЫҒЫ

Темекі шегу – өз еркімен жасалатын әдет. Ал темекі түтінін жұту – еріксіз болатын қасірет. Темекі шекпейтін адам үшін түтіннің әрбір түйірі ағзаны уландырып, жасушаларды баяу зақымдайды.

«Темекіні өзің тартпағанмен, түтіні сені табады» дейді дәрігерлер.

Темекі жанғанда ауаға 7000-нан астам химиялық қосылыс тарайды. Олардың 250-і улы, ал 70-тен астамы қатерлі ісік тудырады.

Мысалы:

  • Бензол – қан ауруларының, соның ішінде лейкемияның қоздырушысы;
  • Формальдегид – тыныс алу жолдарын күйдіріп, обырдың дамуын жеделдетеді;
  • Көміртек тотығы – ағзадағы оттегінің жетіспеушілігіне себеп болады;
  • Аммиак, ацетон – өкпеге түскенде тіндерді күйдіреді;
  • Никотин – жүйке жүйесін улап, тәуелділік тудырады.

Жанған темекінің түтіні шегушінің демінен шыққан түтінге қарағанда екі есе улы екенін ғалымдар дәлелдеген.

 

Пассивті темекі шегу – үнсіз улану

Пассивті темекі шегу деп басқа адамның шеккен түтінін еріксіз жұтуды айтады. Мысалы, бір бөлмеде темекі тартылған жағдайда, ондағы ауа тек 20 минут ішінде адамның қан айналымына әсер етіп үлгереді.

ДДҰ мәліметі бойынша, пассивті темекі шегушілердің арасында жүрек пен өкпе аурулары 30%-ға жиірек кездеседі.

 

Темекі түтіні денеге қалай шабуыл жасайды?

Түтін жұтқан адамда жөтел, ентікпе, бронхит жиі байқалады. Балаларда өкпенің дамуы баяулап, демікпе мен аллергияға бейімділік артады. Зерттеу нәтижелері темекі түтінінде өсіп жүрген балалардың астма ауруына шалдығу қаупі екі есеге жоғары екенін көрсетті.

Көміртек тотығы мен никотин жүрек соғысын жиілетіп, қан қысымын көтереді. Қан құрамындағы оттегі азайып, ми мен жүрекке күш түседі. Мұндай жағдайда инфаркт алу қаупі 25-30%-ға артады.

Жүкті әйел мен сәби үшін де қаупі орасан. Түтін құрамындағы улы заттар плацента арқылы балаға өтеді. Нәтижесінде ұрықтың дамуы баяулап, нәресте салмағы аз, кейде жүрек ақауымен туылады. Статистикаға сенсек, пассивті шылым шегу жүкті әйелдерде түсік тастау қаупін 1,5 есеге арттырады.

Темекі тек денсаулыққа ғана емес, қаржылық жағдайға да қауіп төндіреді. Темекі түтінінен туындайтын ауруларды емдеу мемлекет бюджетіне зор салмақ түсіреді. ДДҰ дерегінше, темекіге байланысты ауруларды емдеуге жұмсалатын қаржы кей елдердің жалпы ішкі өнімінің 2%-ына дейін жетеді. Ал еңбекке қабілетті азаматтардың аурушаңдығы — экономикалық өнімділікті азайтады.

«Темекі түтінінің бір минуттық рақаты – қоғамның мың сағаттық шығынына айналады».

 

Түтінсіз орта – денсаулық кепілі

Пассивті шылым шегудің зардабын азайту үшін келесі шаралар маңызды:

  1. Қоғамдық орындарда темекі шегуге толық тыйым салу.

Әсіресе балалар, жастар көп жүретін жерлерде қатаң бақылау қажет.

  1. Үй мен көлікті түтінсіз аймаққа айналдыру.

Бір рет тартылған темекінің иісі қабырға мен жиһазға ұзақ сіңіп қалады.

  1. Бұқаралық ақпарат арқылы түсіндіру.

Мектептерде, мекемелерде темекі түтінінің зияны туралы бейнероликтер мен лекциялар өткізу.

  1. Темекіден бас тартуға ынталандыру.

Психологиялық және медициналық көмек көрсететін орталықтар ашу.

Түйіндер болсақ: түтінсіз болашақ – ұлт саулығы. Темекі түтіні – көзге көрінбейтін, бірақ адам өмірін қысқартатын қауіпті у. Темекі шекпейтін адамның денсаулығын қорғау – тек жеке жауапкершілік емес, қоғамдық мәдениет мәселесі.

Әр азамат өз орнында үлес қосса, еліміз түтінсіз болашаққа бір қадам жақындайды.

«Темекісіз өмір – таза ауа мен ұзақ ғұмырдың бастауы».

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды