Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев IV Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде «Қазақстан балалары» атты біртұтас бағдарлама қабылдаған жөн. Озық ойлы ұрпақ өсіру үшін білім мен тәрбие әрдайым қатар жүруі керек» деген болатын. Соған сәйкес «Қазақстан балалары» ұлттық тұжырымдамасы аясында республика көлемінде «Балалар үні» күні кеңінен аталып өтуде. Бұл күні Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев өңірдегі үздік оқушылармен — халықаралық және республикалық деңгейдегі олимпиадалар мен ғылыми байқаулардың жеңімпаздарымен, сондай-ақ спорт пен өнерде дараланған жас дарындармен кездесті. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Еркін форматта өткен жүздесуде облыс әкімінің орынбасары балаларды мерекемен құттықтап, олардың жетістіктеріне жоғары баға берді. Шара барысында балалардың көкейінде жүрген сұрақтарына ашық әрі шынайы жауап беріп, олардың болашағына зор сенім артатынын жеткізді. Ол жас ұрпақтың бастамаларына әрдайым қолдау көрсетуге дайын екенін айтып, оларға табыс пен шабыт тіледі.
– Бұл кездесу – тек мерекелік құттықтау емес, балалардың даусын есту, ойы мен көзқарасына құлақ түрудің, олардың бастамаларын қолдаудың нақты көрінісі. Бүгінгі дарынды бала – ертеңгі ел көшін бастайтын лидер. Сондықтан біз сіздердің үндеріңізді естіп, армандарыңызды жүзеге асыруға барлық жағдай жасауға дайынбыз, – деді ол.
Кездесу барысында оқушылар өз жетістіктерімен бөлісіп, өздерінің ғылым, өнер және спорт саласындағы табыстары мен алдағы мақсаттары туралы әңгімелеп, облыс басшылығына әрдайым қолдау білдіріп отырғаны үшін ризашылықтарын білдірді.