АЛЫП БАЛА ДҮНИЕГЕ КЕЛДІ

Дүние есігін енді ашқан Әли әлемдегі ең үлкен сәби атанып отыр. Туылғанда оның салмағы 6,3 келі болған.

Аустралияның Мелбурн қаласында дүниеге келген балаға Маоама Әли деп ат қойған. Сәби тым ірі болғандықтан, анасына ота жасауға тура келген. Әрине, жүктілік кезінде баланың салмағы әдеттегіден үлкен екенін анасы да білген. Бірақ оның соншалықты алып болатынын дәрігерлер де дөп басып айта алмапты. Салмағы 4-4,5 келі болатын сәби туылады деген екен.

Әли отбасындағы төртінші бала. Оның аға-әпкелері туылғанда салмақтары мен де, бойларымен де ерекшеленбепті. Алып баланың ата-анасы «оның салмағы маңызды емес, ең бастысы аман-есен, бақытты болып өссе екен» деп тілеп отыр.

Айта кетейік, алыптар біздің елде де бар. Салмағы Әлиға ұқсайтын сәби 2017 жылы Таразда дүниеге келген. Қала тұрғыны Алена Премушка босанғанда, баласының салмағы 6 келі 265 грамм, бойы 67 сантиметр болған.

Деректерге сүйенсек, әлемдегі ең алып бала Канадада дүниеге келген. Бірақ 1879 жылы 10,8 келі салмақпен дүниеге келген сәби бар-жоғы 1 сағатта шетінеп кетіпті. Ал Гиннес рекордтар кітабынан орын алған сәби 1955 жылы Италияда тіркелген. Жаңа туылған нәрестенің салмағы 10,2 келіні тартқан.

Мирас ӘСЕМ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған