ЖОБАЛАРДЫҢ САПАЛЫ ӘРІ МЕРЗІМІНДЕ АЯҚТАЛУЫ – ПАРТИЯНЫҢ БАСТЫ НАЗАРЫНДА

«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы Сайлауалды бағдарламаның Жол картасы аясында өңірдегі әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының құрылысын жіті бақылауда ұстап келеді. Атап айтқанда, білім беру ұйымдарына қатысты жобалардың сапалы әрі мерзімінде аяқталуы – партияның басты назарында. Осы мақсатта партия өкілдері Ордабасы ауданындағы бірқатар құрылыс нысандарын аралап, жұмыс барысымен танысты. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Партиялық бақылау инспекторы Асқар Еркінбеков, Ордабасы аудандық филиал төрағасы Әлиасқар Бердімұрат, аудандық партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Асан Құрымбек, аудандық мәслихат депутаттары Талғат Жанысбаев, Есенғали Бөлебай, Нұрзат Ортай және аудан әкімдігінің сала мамандары қатысқан бақылау тобы бір күн ішінде бірнеше мектеп құрылысына мониторинг жүргізді.

Олардың қатарында болған Шұбарсу ауылындағы 600 орындық мектеп ауданда салынып жатқан ең ірі нысандардың бірі. Құрылыс жұмыстары 2023 жылдың желтоқсан айында басталып, 2025 жылға өтпелі болып белгіленген. Жобаның жалпы құны – 2,7 млрд теңге, оның ішінде 2024 жылға 200,8 млн теңге қаржы қарастырылған. Қазіргі таңда қосымша корпус құрылысы жүргізілуде. Мердігер – «Дос и К» ЖШС. Комиссия мүшелері құрылыс сапасын арттыру мен жұмыс кестесін қатаң сақтау қажеттігін ескертті.

Ал, Төрткүл ауылдық округі, Елшібек батыр ауылындағы  200 орындық мектептің құрылысы 2024 жылы басталған. Жобаны Түркістан облыстық құрылыс басқармасы жүзеге асыруда. Мердігер – «КДСМ» ЖШС. Қазіргі таңда ішкі әрлеу, кафель төсеу жұмыстары жүріп жатыр. Партиялық бақылау тобы құрылыс жұмыстарының қарқыны мен сапасын оң бағалап, оқу жылы басталғанға дейін толық аяқтауға шақырды.

Бадам ауылдық округіне қарасты Ақбұлақ ауылында «Жайлы мектеп» жобасы аясында 300 орындық жаңа мектеп бой көтеруде.  Тапсырыс берушісі – Samruk-Kazyna Construction, ал мердігер – «AR KUA GROUP» ЖШС. Қазіргі уақытта нысанда ішкі әрлеу, сыртқы фасад және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Құрылыстың аяқталуы 2025 жылға жоспарланған.

Бөржар ауылдық округі, Ынтымақ ауылы 200 орындық білім ұясының құрылысын да «КДСМ» ЖШС жүргізуде. Қазіргі уақытта ғимараттың қабырғаларын қалау жұмыстары атқарылып жатыр. Нысан 2025 жылға өтпелі жоба ретінде белгіленген.

Партиялық бақылау тобы барлық мектеп нысандарында «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасындағы міндеттер нақты әрі сапалы орындалуы керек екенін атап өтіп, жергілікті билік пен мердігерлерге нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар, әр нысанға партиялық бақылау бекеттері орнатылып, құрылыс процесі тұрақты түрде қадағаланатын болады.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды