Түркістан облысы Арыс қаласына қарасты Саналы елді мекенінің тұрғыны мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдаланып, «Ауыл аманаты» жобасы аясында өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Ол арнайы бизнес-жоспар әзірлеп, жобаның талаптарына сай 27 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алған. Қаражатқа 3 танкер мен 1 трактор сатып алынып, шаруашылықтың материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Жеке кәсіпкердің бастамасы нәтижесінде «Күмісай апа» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, бүгінде оған 67 адам мүше болып тіркелді. Кооператив мүшелері бірігіп жұмыс істеудің тиімділігін сезініп, ауылда еңбекпен қамтылу көрсеткіші артуда.
Бүгінгі таңда кооператив түйе сүтін қабылдап, Арыс қаласындағы «Кинг Милк» ЖШС-не тапсыру арқылы өнімді қайта өңдеуге жол ашты. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарының табысын арттырып қана қоймай, өңірлік азық-түлік қауіпсіздігіне де үлес қосуда.
Аталған бастама ауыл кәсіпкерлігін дамыту, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту және ауыл шаруашылығы кооперациясын жандандыру бағытында жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасының нақты жемісі деуге болады.
Айта кетейік, Түркістан облысында «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 2023 жылы берілген несиелердің қайтарылуы 2,5 миллиард теңгені құрап, оның 2,3 миллиард теңгесіне, үстіміздегі жылы 316 жоба қаржыландырылды. Ағымдағы жылға 7,4 млрд. теңге қаралып отыр. Жобаға 62 ауылдық округ қатысады деп күтілуде.