«Жұмысшы мамандықтар» жылы аясында «Жастар Рухы» жастар қанаты Кентау трансформатор зауытында жастарға арналған экскурсия ұйымдастырылды. Жастарға арналған экскурсияға «AMANAT» партиясы Кентау қалалық филиалының төрағасы Арман Амангелдіұлы, Түркістан облыстық «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Жұман Жансерік, Кентау қалалық «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Диас Дәуренұлы қатысты. Бұл зауыт – еліміздегі ірі өндіріс орындарының бірі болып табылады. Қазіргі таңда мұнда трансформатордың 400-ге жуық түрі өндіріліп, өнімдер Орталық Азияның 13 еліне экспортталады. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Кентау қалалық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Зауытта 800-ге жуық маман қызмет етеді, оның ішінде 80-ге тарта инженер заманауи жобалар жасап, табысты еңбек етуде. Өндіріс алаңдары Еуропалық жоғары технологиялармен жабдықталған, роботтандырылған жүйелер өнім көлемін арттырып, сапасын жақсартуға себеп болуда.
Экскурсия барысында жастар өндірістік процестермен танысып, зауыттағы заманауи жаңалықтарды өз көздерімен көрді. Сонымен қатар, зауыт жанынан құрылған Кентау политехникалық колледжінің жұмысымен де танысты. Бұл оқу орны дуалды оқыту жүйесі бойынша мамандар даярлап, зауыттың кадрлық сұранысын қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда колледжде 800-ге жуық студент білім алуда.
Аталған шара жастардың техникалық мамандықтарға деген қызығушылығын оятып, өндірістегі болашағын айқындауға жол ашты. Кентау трансформатор зауыты – еліміздің экономикасын ілгерілетіп отырған маңызды кәсіпорындардың бірі.