Бүгін, “4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні” қарсаңында, «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің бастамасымен дәстүрлі «Менің Елім – Менің Туым» республикалық акциясы өз бастауын алды. Бұл туралы «AMANAT» партиясының Жетісай аудандық филиалы хабарлады.
Айта кетейік, бүгін дәстүрлі «Менің Елім – Менің Туым» республикалық акциясын “AMANAT” партиясының «Жастар Рухы» Жастар қанаты ресми түрде бастаған болатын. Аталған акцияның басты мақсаты – Мемлекеттік Туға деген құрметті арттырып, өскелең ұрпақтың елдік санасын қалыптастыру, патриоттық рухты нығайту және Қазақстан Республикасының рәміздеріне деген ортақ жауапкершілік пен мақтаныш сезімін ояту.
Айта кету керек, соңғы үш жылда бұл бағытта жастар саясаты саласында жүйелі түрде кең ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді. «Жастар ресурстық орталығы» еліміздің түкпір-түкпіріндегі өңірлік бөлімшелерімен бірлесіп, түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырып, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті күн тәртібінде ұстауда.
Биыл да бұл игі бастама өз жалғасын тауып, республиканың барлық өңірлерінде Мемлекеттік Ту ілу шаралары өтеді деп жоспарлануда. Шара аясында түрлі патриоттық флешмобтар, челлендждер, кездесулер мен қоғамдық акциялар ұйымдастырылуда.
Акцияға өңірдегі “Жастар ресурстық орталығы” КММ өкілдері, Ғани Мұратбаев атындағы Жетісай гуманитарлық-техникалық колледжінің студенттері, қоғам қайраткерлері, белсенді жастар және ел болашағына бей-жай қарамайтын азаматтар белсене атсалысуда.
Бұл акция – ұлттық бірегейлік пен азаматтық жауапкершіліктің жарқын көрінісі.